7.08.2020, 16:28
Оқылды: 1073

Бата берудің мәнін білеміз бе?

Қазақ елінің қанша ғасыр ғұмыры өтсе де, өзгеріссіз бұлжымас салты болып қалыптасқан дәстүрінің бірі – бата беру. Бұл - бұрыннан тәлім-тәрбиелік мәні айрықша, ұрпаққа үлгі-өнеге беріп келе жатқан халықтық мұра. «Атаңнан бота емес, бата қалсын», «Жауынмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деген мақалдар осыдан қалса керек.

8A652360-F358-4195-ACC5-726DE831120F

Көптеген салт-дәстүрлердің өзіндік орындалу рәсімі, белгілі бір жүйеге бағынған іс-әркеттері болады. Бата берудің де өзіндік жүйесі, рәсімі, шарттары бар.

Бата сөздің мазмұны – ақ тілек, жақсы ниет. «Ақ сақалдан бата алған, құдайдың рақметіне жолығар» деген мақалға сай бата алған адам – ешуақытта жаман болмайды деген түсінік бар. Кейде ел ішінің ежелгі дәстүрін бұзып, ата-баба салтын аттаған, шектен шыққан істерімен елдің береке-бірлігін бұзған жанға ел үлкендері, қадірменді ақсақалдар теріс батасын да беретін болған. Теріс бата алған жанның жолы болмайды деген ұғым бар.

Батаны - көпті көрген ақсақалдар, ортасына сыйлы, аузы дуалы билер, батагөй қариялар, атақты адамдар береді.

Әр түрлі жиын-той, ас беру, одан қалса күнделікті шайдан кейін бата беріп, ас қайырмай тұрмайтынымыз анық. Осыдан-ақ қазақ халқы үшін батаның қаншалықты маңызды екенін аңғарамыз.

Негізі кейбір қариялардың бата бергеніне, шындығында көпшілік қауымның көңілі тола бермейтін кездер болады. Жиын-тойда жиналған орында төрде отырған жасы үлкен адамнан алдымен бата сұрау үрдісі бұрынғы кезден әдет-ғұрпымызда бар нәрсе. Бірақ  амал қанша, жаңағы бата беруші кейбір қариямыз ұзақ-сонар қара сөзге көшіп, жиналған жұртты жалықтырып алады. Бұл жағдайда халық бір-біріне  қарап: «Мынау бата ма, әлде қарасөз бе?» деп сын айта бастайды.

Жалпы, халқымыз батаны тек киелі, қасиетті санап қоймай, оған кіршіксіз сене де білген. Өйткені адамгершілікке, имандылыққа, жақсы сөздерге, мейірімге ұйытатындықтан  батагөй ақсақалдарымыз жастарға батаны барынша мазмұнды етіп, шын көңілмен жеткізуге тырысқан. Батаның кімге және қай кезде айтылып тұрғанына қарай көптеген түрлері бар. Сол сияқты «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» дегендей, дастарқанда ас қайырғанда, той-жиында, жолға шығарып салғанда айтылатын бата, сонымен қатар жарапазан батасын айтқан жастарға да беретін бата аз емес. Дегенмен «Осынша рухани ұлттық-мәдени құндылықтарымыз әлсіреп, жаһандану дәуірінде жұтылып кетпей ме?» деген күдік бар. Оның себебі де жоқ емес. Қазіргі таңда бата берер бірен-саран үлкендерді ғана білеміз. Ал басым көпшілігі ас қайырудың өзінде сасқалақтап, не болмаса бір-екі жаттанды сөздермен ғана шектеледі.

Әсіресе мұндай келеңсіз жағдайларға қыз ұзату, үйлену тойларында куә болып жатамыз. Баласына той жасаған ата-ана, алдымен, үлкендердің ақ батасын алсын деген ниетпен дастарқан жаяды. Алайда, баталы сөз ести алмай «әттеген-ай» дейтін сәттер де кездеседі.

Қариялардың өзі де айтатын сөз таппай «бақытты болыңдар, басқа не айтайын» деген бір-екі ауыз сөзбен ғана қысқа қайыратынына не дейсің? Ал осындай кісілерден үлгі алып жатқан келешек ұрпақ та сөзге шорқақ болып барады. Өйткені «бақытты болыңдар, бақыттың ішінде бәрі бар» деген жаттанды сөзді де жастардың аузынан жиі еститін болдық… Сол себепті де, ақ бата халқымыздың арқасүйер теңдесі жоқ, асыл қазынасы мен қасиетті тұмары деп білеміз. Айтылатын батаны жасалып жатқан істің, тойдың бағытына байланысты лайықтап жеткізсе, сөзі де мәнді, әрі әдемі шығады.

Бата мен тілек мағыналас сөздер ретінде қатар жұмсалады. Олардың қолданылу жағдайына қарай ұқсас жақтары да, айырмашылығы да бар. Ұқсастығы екеуі де тілек мәніндегі көңіл қалауын білдіреді. Айырмашылығы бата сөздер тілекке қарағанда қысқа-нұсқа айтылады. Және бата бергенде алақан жайып, бата қайырғанда «әумин» деп бет сипалады. Тілекте сөз орамдары шұбалаңқы болады. Бата кез келген жерде айтыла бермейді. Сонымен қатар, бата ішімдік ішпейтін, таза жерде айтылған дұрыс. Ал «Еңбегің жемісті болсын!», «Өркенің өссін!», «Көп жаса!», «Жасың ұзақ болғай!», «Мұратыңа жет!», т.б. тілек сөздерді жасы үлкен адамның жасы кішіге «рақмет» деген сөзімен коса ризашылығын білдіру үшін айтылады. Тілек, құттықтауды той-жиында, дастарқан үстінде сөз тигенде кез келген адам айта береді, ал бата сөзін тек қадірменді, жолы үлкен адам ғана айтқан жөн. Бата мен тілек-құттықтау сөздің айтылу жолын, орнын, мән-мағынасын ажырата білудің өзі сөз білетіндікті, білімділікті байқатады.

Сөз соңы

Қорыта айтқанда, ертедегі қазақ халқы бата беру арқылы өзінің жан-жүрегінен шыққан ізгі-тілектерін жеткізіп, бір адамның  немесе халықтың атынан тілеп отыратын болған. Сондай-ақ батагөй қариялар халық алдында беделін түсірмеуге және бата беруге лайық екендігін көрсетуге тырысқан. Қазір ше? Кім не дейді?

Жаннұр Хайрушева,

Жаңақала ауданы

 zhaikpress.kz

000CA5EE-3569-4478-9803-E4022FF2246E

Ғинаят Валиев, Жаңақала ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрінің бірі – бата беру. Халқымыз ақ ниетпен бата беріп, бата тілеген адамға жүрекжарды ақ тілегін айтады. Оны кез келген адам айта бермейді: аузы дуалы, көргені, түйгені көп адам айтады. Бата негізінен Алла тағаладан тілек тілеу. Алладан бақытты ұзақ өмір, материалдық байлық, әрбір істе табысты болуын тілейді. Бата беруші екі қолын ілгері қарай созып, екі алақанын өзіне қаратып бұрып тұрып жеткізеді. Негізінен, батаны - ақ дастарқаннан тамақ ішіп болғаннан кейін беріледі. Бұдан басқа, бата берілуіне қарай түр-түрге бөлінеді. Дүниеге келген сәбиден бастап, тұсаукесер, сүндет той, үйлену тойы, әр жасқа толған балаларға берілетін бата, тағы басқа болып келеді. Тартымды болу үшін бата өлең, тақпақ түрінде ұйқасы келтіріліп айтылады. Сонымен бірге өзінің жүрекжарды тілегін де жай сөзбен айтып жеткізе алады.

Советтік дәуірде бата беру дәстүрі әсіресе, біздің батыс өңірде жойылып кету қарсаңы болды. Кешегі 80-жылдардың тұсында, оңтүсікке барған кезімде соятын малға бата сұрағанда ештеңе айта алмай, қызарғанымыз бар. Шүкір қазір дәстүріміз қайта оралып, бата жаттай бастадық. Мен өзім дүниеге келген сәбиден бастап, ер балаға бата, қыз балаға бата, үйленіп жатқан жастарға бата, дастарқан батасы, орын батасы, тағы басқа баталарды айтып жүрмін. Біздің қазақ көңілі қалғанда, ренжіген кезде теріс бата беретін болған. Мұндай бата алақанды теріс қаратып ұстап айтылады.

Сондай-ақ бұрынғы заманда батаны абыздар, ел сыйлайтын үлкен ақсақалдар берген, ал қазіргі кезде көбіне дәстүрге айналып бара жатыр, кез келген кісі бата бере береді. Бұл дұрыс емес сияқты. Сонымен қатар жиын-тойда келген құдаларға бата сұрасаң білмей, басқаларға сырып жатады. Үлкендер отырған жерде, жастардың бата беруі де ыңғайсыздық тудыратын жағдай деп есептеймін.

Қазіргі кезде бата беру дәстүрі кең етек ала бастады. Әлеуметтік желілерде, газет-журналдарда көптеп батаның түрлері жазылып жатыр. Бата бергенде жұмыс жасап жатқан жастарға, жалпы әкім-қараларға, халыққа тек жақсылық жағын жасасын деп айтып жүремін. Осындай баталардың бірі жиналған халыққа, көпшілікке айтылатын батамды берейін.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,

Сәбилердің күлкісі күміс болсын.

Жұмыссыздық жойылып,

Елімізде әр адамға тұрақты жұмыс болсын.

Астыңа мінгендерің камри болсын,

Әр адамның басында нән үй болсын.

Жоғалып біржолата кедейшілік,  

Адамдар адал жолмен байи берсін.

Аралардың ұясы балға толсын,

Қазағымның даласы малға толсын.

Жер астының байлығы сарқылмасын,

Сол байлықтың қызығын халқым көрсін.

Жаңылғанды жаратқан өзің кешір,

Жүрмесінші тек көшеде жетім-жесір.

Патшамыз тағында болсын,

Қариялар бағымда болсын.

Жабылып қарттар үйі,

Балаларының жанында болсын.

Қысымыз қарлы болсын,

Тамағымыз нәрлі болсын.

Қыздарымыз арлы болсын,

Некеміз заңды болсын.

Жазымыз жаңбырлы болсын,

Жастарымыз тағдырлы болсын.

Көлденең апаттардан аман болсын,

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалар заман болсын!

Әумин!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале