30.07.2017, 20:44
Оқылды: 34

Базаршолан оттан аман қалды

FB_IMG_1501409754378Бүгін түс ауа əлеуметтік желіде ауыл тұрғындары Ақжайық ауданының Базаршолан ауылдық округінің аумағында болып жатқан өрттің ауыл іргесіне тақалып қалғандығы туралы жəне тілсіз жауды ауыздықтауға көмек сұраған жазба жарияланды.


FB_IMG_1501409786252Оқиғаның мəн-жайын білмек болып БҚО ТЖД баспасөз қызметіне хабарласқан едік. Төтеншеліктердің айтуынша, Ақжайық ауданының Базаршолан ауылдық округінің аумағында қураған шөптің жанып жатқандығы туралы хабар N18 өрт сөндіру бөлімінің байланыс пунктіне 2017 жылдың 30 шілдесінде түскі сағат 12 жарымдарда келіп түскен. Ұйтқи соққан желдің əсерінен өрши түскен өртті сөндіруге жұмылдырылған жеке құрамның 5 сарбазы мен 1 техника, сонымен қатар 50 ерікті, аудандық ауыл шаруашылығы тарапынан 1 трактор жəне 7 адам қазірге дейін оқиға орнында екен.

FB_IMG_1501409782631Халықты дүрліктірген өрт бойынша Ақжайық ауданының əкімі Əділ Жоламанов та телефон арқылы түсінік берді. "Жалпы, Тайпақта далалық жерде жəне орман-тоғайда өртену оқиғалары 1 шілдеде басталған. Бірде Жаңақала ауданы жағынан, бірде Атырау облысы жағынан келген шағын өрттер сөндірілуде. Алайда даладағы мал тезектері шоқтанып, қоздап, тұтанып, 1-2 күннен кейін қайтадан өртке ұласып жатады. Бүгінгі өрт кеше кеште Индер жақтан кірді. Жергілікті өрт сөндірушілер тілсіз жаумен түнімен алысып, таңғы 5-те сөндіріп келген болатын. Таңертең ұйытқыған желмен күшейген жалын тілі Базаршолан ауылының іргесіне дейін келді. Абырой болғанда құзырлы органдардың қызметкерлері мен жергілікті ел-жұрттың жұмыла əрекет етуінің нəтижесінде ауылды оттан аман алып қалдық. Жел бағытының өзгеруіне байланысты қырлыққа қарай шыққан өрт қазір Базартөбе ауылына қарай бағыт алды.  Оқиға орнында менің орынбасарым Асқар Əбуғалиев жүр, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы мен сарбаздары алауды ауыздықтауда. Зардап шегушілер жоқ, адамдар аман, бір тракторды өрт шалды, бір автокөліктің дөңгелегі жарылған", - деді Əділ Жоламанов.

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале