13.03.2018, 18:01
Оқылды: 23

Бейқам отыруға болмайды

 

Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров пен орынбасары Ринат Шәуенов және ауданның төтенше жағдайға жауапты мамандары су басу қаупі жоғары Асан және Мичурин ауылдарында болып, апаттың алдын алу жұмыстарының барысымен танысты.

Жыл сайын су басып, тұрғындарының мазасы кететін көшелерді аяқтай жүріп аралаған атқамінерлер су жиналатын жерлерге арнайы құм қойып, су арнасын басқа жаққа бұру үшін қандай жұмыстар жасалып жатқанына қанықты. Еріген қар суын тоқтату мақсатында ауданның төтеншеліктері 7 мың тонна құм дайындап қойған. Сондай-ақ су сорғылар мен көліктер де сақадай сай. Жанармай да жеткілікті екен.

Әр көшенің су жиналатын тұстарын өз көзімен көрген аудан басшысы жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берді. Тұрғындарға жаппай жадынама таратып, әр тұрғынның өз ауласындағы қарды шығаруын, үй маңындағы арық көздерін тазалауын қадағалау керектігі сөз болды.

Осы орайда аудандық төтенше жағдайлар бөлімі аудан тұрғындарын қар суынан келер қауіпке жол бермес үшін үй-жай маңын қардан тазалап, қам жасауларын ескертеді.

Түгелбай Бисен,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале