21.09.2017, 15:21
Оқылды: 26

Белестік оқырман «Он төртпен» танысты

FB_IMG_1504720251577Зеленов аудандық қоғамдық-саяси «Ауыл тынысы» газетінің редакторы Нұржан Дүзбатыров бүгін белестік оқырмандармен жүздесіп, егеменді ел болғалы оқырманға жол тартқан, тұғыш тарихи роман «Он төрт» кітабын таныстырды.

Кеше ғана автордың қатысуымен аудан орталығында кітап таныстырылымы өткені туралы құлағдар болған ауылдық округ әкімі Бекзат Бадақов редакцияға хабарласып, жас оқырмандармен басқосуға шақырған болатын.

Кездесу барысында туындының жарыққа келу тарихы, авторы, шығармада баяндалған оқиға, басты кейіпкері, «Он төрт» аталуының себебі,  мұқаба сыры туралы баяндап берген Нұржан Тоғызбайұлы  кітаптың әсіресе, ел тәуелсіздігімен бірге өсіп келе жатқан жас өрендерге өнеге екендігін жеткізді.

– Бостандық үшін жан қиған талай боздақтың есімдері әлі күнге ел тарихынан лайықты орнын алмай, есіл ерлердің абыройлы істері кейінгі ұрпағына жетпей келді. Түрлі саяси ықпалдың салдарынан бұрмалана жазылған тарихи деректерді зейін сала зерделеген жан көптеген сәйкессіздікке тап келе береді. Шынайы тарихымызды танып, ұлт рухынан сусындау үшін осындай туындылар қажет-ақ. Рухани жаңғыру бағытындағы ісіміздің жолашары іспетті болған тарихи романға аудан халқының ықыласы ерекше, -деген ол мазмұны терең бастамаға қолдау танытқан округ әкіміне ризашылығын білдірді.

Жүздесу соңында Белес мектебіне арналып автордың арнайы қолтаңбасы қойылған кітапбын аталмыш білім ұясының түлегі Динара Насыр мектеп директоры Азамат Майемерұлына табыстады.

Д.БЕРІШ,

Зеленов ауданы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале