29.01.2018, 11:38
Оқылды: 25

Белестің тарихы жазылуда

Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаровтың халық алдындағы есептік кездесулері Белес ауылында өтті.

Аудан әкімі өткен жылдың нəтижелері туралы баяндап, биыл атқарылатын міндеттер туралы айтып берді. Кейін округ әкімі Бекзат Бадақов сөз алды. Әкімнің айтуынша, былтыр әлеуметтік салада біраз ілгерілеу болған. Бұрыннан тұрмысы жақсы Белесте «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Береке» бағдарламалары жақсы жүзеге асқан. Ауыл іргесінде орналасқан «Жайық Мұнай» ЖШС-і ауыл əкімдігіне қолдау білдіріп,  клубтың көрермендер залын жаңғыртып, ауылдағы тозығы жеткен үйлердің шатырын жөндеп берген. Әр тұрғыны жұмыспен қамтылып, берекесі артып келе жатқан ауылға жас мамандар көптеп келуде. Мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша үй алып, ауылға тұрақтаған жастар позитивті өзгерістерге бастамашы болуда. Осындай игілікті пайдаланып, белестік атанаған  мамандар саны жыл санап артып келеді. Сондай-ақ ауылдағы дәрігерлік амбулатория да күрделі жөндеуден өткен.  Соңғы жылдары ауыл спортының  дами түскені де қуантады. Бұған дейін де белестік каратэшілердің жетістіктері туралы аудан ғана емес, облыс жұртшылығы құлағдар. Енді ауыл жастары ақылы түрде ашылған футбол және волейбол үйірмелерінен тəлім алуда. Күресті де дамытсақ деген  ауылдағы ағайын балаларын жаңадан ашылған күрес үйірмесіне беріп жатыр.  Бұдан бөлек ақылы қызмет көрсетіп отырған би үйірмесіне де отыздан астам қыз бала жазылып қойыпты.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген міндеттерді ауыл халқына толық түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілген. Жоғары деңгейде «Туған жерге тағзым» акциясын өткізген ауыл әкімдігінің жұмысына халық оң бағасын беріп отыр. Есеп беру жиынына келген  зейнеткер Галина Маргова мен ауылдық клуб меңгерушісі Ақтоты Имағамбетовалар аудан, ауыл әкімдеріне ризашылықтарын жеткізді.
Ауыл жұрты каратэшілерге татами болса деген тілектерін ғана білдірді. Бұл мәселенің шешімі қарастырылып жатқанын айтқан Бекзат Ғаппарұлы жуырда жаңа татами алынатынын жеткізді. Ауылды бұған дейін басқарған Адам Имашев та жаңа әкімнің жұмысына оң бағасын беріп, ауыл тарихы туралы кітап шыққалы жатқанын жеткізді. Бірлігі жарасқан белестік ағайын ол кітапқа тың деректерін беріп, жетіспеген жерін толықтыруға уағдаласты.

Түгелбай Бисен,
Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале