7.02.2017, 19:12
Оқылды: 49

Берекені арттырар бағдарлама

Terekti Bereke  Қазіргі таңда ең көп сұранысқа ие және халық арасында қызу талқыланып жатқан бағдарламаның бірегейі – «Береке» болып саналады. Аталмыш бағдарлама жеке аулаларда мал бордақылап, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігу арқылы өндірілген мал өнімдеріне  Үкімет тарапынан бөлінетін субсидияларға қол жеткізуімен ерек тұр.


  «Берекені» қолдап, берекемді арттырам деуші жандар 4,5 жылға 6 млн теңгеге дейін несие ала алады. Сонымен бірге 6 айға дейін жеңілдік мерзімі қарастырылып, сыйақы мөлшері 6 пайызды құрайды.

  Аудан көлемінде халыққа пайдасы өте-мөте көп бағдарламаны түсіндіру мақсатында жұмыс тобы құрылып, барлық ауылдарда жиындар өтті. Жиынның нәтижесі деп 22 жеке кәсіпкердің 57 млн. теңге несие алып, 289 бас ірі қара сатып алғанын айтуға болады.

  Солардың бірі - Подстепный ауылы бойынша тіркелген «Ишимғалиева» жеке кәсіпкерлігі. Кәсіп иесі Әлия Ишимғалиева бағдарлама арқылы мемлекеттен 3 млн. теңге көлемінде несие алып, 15 бұқашық сатып, оларды бордақылауда. Кәсіпкер өз қаржысына, нақтырақ 1,5 млн теңгеге қора салып, бастаған ісін дөңгелетуді көздеп отыр. Ал аңқатылық Асылбек Алмуханов «Береке» арқылы 2 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, 11 бас бұқашықты бордақылауды бастап кетті. Бағдарламаның қызығын көріп отырған кәсіпкерлердің бәрі оның пайдалы жақтарын айтудан жалыққан емес.

  Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұрлан Бердіғалиевтің айтуынша, күні бүгін 36 жеке тұлға «Берекенің» көмегімен несиеге ие болуды көздеп, соның ішінде 10 жеке кәсіпкер 24 млн. 350 мың теңге қаражатқа ие болған екен. Қазір мал сатып алып, жүйелі жұмысқа білек сыбана кірісіп  кетіпті. Қосымша 3 кәсіпкер құжаттарын толықтай рәсімдеп, нақты шешімді күтуде.

  Аудан аумағында  халық үшін  жасақталған бағдарламаға жүгініп, өз кәсібін ашам деушілердің қатары күн санап артып келе жатқандығы көз қуантады.

Әділет ОРЫНБАСАРҰЛЫ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале