6.02.2017, 15:29
Оқылды: 61

Березовтық тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру жалғасуда

dom berezovӨткен жылдың өзекті тақырыптарының біріне айналған Бестау және Березов ауылдарын қауіпсіз аймаққа көшіру мәселесі жөнінде Бөрлі ауданында қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Әр тұрғынның пікірімен санасып, талап-тілектерін назарға алған өңір басшыларына халықтың ризашылығы зор.


Былтырғы жылдың соңында екі ауылдың тұрғындарын аудан орталығына көшіру қолға алынып, көшірудің бірінші кезеңінде 82 отбасы, жалпы 416 адам Ақсай қаласындағы 5-шағынауданда орналасқан 80 және 75 пәтерлі тұрғын үйлерге көшірілді. Ең алдымен әлеуметтік әлсіз топқа жататын және 2014 жылдың 28 қарашасында зардап шеккен балалары бар отбасылар қоныстандырылған болатын. Тұрғындардың өтініші бойынша балаларға ойын алаңдары, егде адамдар тынығатын арнайы орын да салынды.

Бөрлі аудандық әкімдігі мамандарының мәлімдеуінше, көшірудің екінші кезеңінде 373 үйдің тұрғындары жайлы пәтермен қамтылмақ. Жайлы пәтерлерге 349 үй тұрғындары Березов ауылынан, ал 24 үй тұрғындары Бестау ауылынан қоныстанбақ. Тұрғын үй құрылысы толық аяқталған соң 1455 адам баспаналы болады. Бүгінде Ақсай қаласының орталығындағы Қарашығанақ-1 шағынауданында 153 пәтерлі 9 қабатты екі үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Аталмыш екі үйдің құрылысын «АзияТехСтрой» және «АТК» компаниялары салуда. Жобаға сәйкес бір бөлмелі  36 пәтер, екі бөлмелі  54 пәтер, үш бөлмелі  27 пәтер және төрт бөлмелі  27 пәтер қарастырылған, көлемдері сәйкесінше 52, 68, 88 және 102 шаршы метр. Одан бөлек Ақсай қаласының Аралтал шағынауданында  бір қабатты 100 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бас мердігер «Марасант» ЖШС үш бөлмелі 50, ал мердігер «Строительная Инициатива» ЖШС  төрт бөлмелі 50 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын барынша сапалы жүргізуде. Жоба бойынша тұрғын үйлердің көлемі сәйкесінше 90 және 100 шаршы метрге жуық. Үйлерге қоса қосалқы шаруашылық нысанның құрылысы да қаралған. Үйлер барлық сәулет-құрылыс тарапына сәйкес жобаланған, жұмыстар кестеге  сай жүргізілуде.

Березов және Бестау ауылдарының тұрғындары денсаулығын оңалту мақсатында шипажайларға тегін жолдамамен жіберілді. Атап айтсақ, 2014 жылы 145 бала «Ақжайық» шипажайында, 9 оқушы Ақтөбедегі «Дәру» емдеу мекемесінде, 6 оқушы Алматыдағы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде, 2 оқушы Алматы қаласындағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында, 10 оқушы Алматыдағы «Алатау» шипажайында емделіп қайтты.

КПО б.в. компаниясының қолдауымен 2014 жылы 30 зейнеткер, 10 бюджеттік сала қызметкері және 59 ауыл тұрғыны Жаңақаладағы емдеу-сауықтыру шипажайында болып келді.

Өткен жылы көшірілген тұрғындардың арасынан 10 зейнеткерге «Ақжайық» шипажайында емделуге жолдама берілсе, березовтық 30 оқушы күзгі каникулдарын Алматы қаласындағы «Маралсай» шипажайында өткізіп келді. Тағы 22 бала көршілес Ресейдің Орынбор облысындағы «Солнечная страна» сауықтыру орталығында болып қайтты.

Бүгінгі таңда 122 бала Орал қаласындағы облыстық балалар ауруханасында толық медициналық тексеруден өтті.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале