22.10.2018, 12:04
Оқылды: 40

Берік АРЫН: «Бақуатты, бақытты ғұмыр кешу – тыныштықта ғана мүмкін»

Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын келді.

berik aryn (2)

         Вице-министр мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл – ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауын талқылау мақсатында аудандық мәслихат депутаттарымен, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесті.

         Берік Арын өзінің сөзінде, Елбасының биылғы жолдауы жаңалықтарға толы болғанын, оның ішінде жалпыхалықтық ұсыныстарға жауап беретінін айтты. Мәселен, Елбасы Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды.

         Енді мамандар нақты өзінің ісімен шұғылдана бастайды. Яғни, бұрынғыдай қағазбастылық жойылып, дәрігер адам емдеумен, ұстаз білім берумен алаңсыз айналыспақ. Полицияның өзі күзетпен не болмаса қылмыскерді жазалаумен емес, бірінші кезекте адамдардың құқығын қорғаумен айналысады. Дәрігерлер дегеннен шығады, жаңа жолдауда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс екендігі айтылды.

         Аудандық мәслихаттың депутаты, тәжірибелі дәрігер Асхат Дүйсенғалиевтің айтуынша, Сырым аудандық орталық ауруханасы бұл үдерісті ендігі ауданның басында жүзеге асыра бастапты. Медициналық қызметті цифрландыру тек ауылдық округтерде мүмкін болмай отыр. Мүмкін болуы үшін ауылдағы медициналық мекемелердің материалдық базасын жаңарту керек. Депутат осы ұсынысты айтты.

         Осы сияқты вице-министр аудандық қоғамдық кеңестің өкілдерімен кеңестің жұмысын нәтижелі жүргізу, қоғамдық бастамаларды мемлекеттік қызметтің ықпалынан босату жөнінде пікірлесті. Аудандағы теолог Әсел Әбдубәли педагог мәртебесі туралы заңның ішінде педагогтардың діни еркіндігін сақтау туралы мәселесі енгізілсе деген ұсыныс білдірді.

         -Қазақстанда өмір сүруге жайлы орта қалыптасып келеді. Халықтың әл – ауқатының артуы – жақсылықтың белгісі. Бірақ, біз бір нәрсені жақсы түсінуіміз керек, әл–ауқатты жақсарту, бақуатты, бақытты өмір сүру – тек тыныштықта ғана мүмкін. Азаматтық қоғам – нәзік сала. Біздің елдегі азаматтық қоғам тыныштықты нығайтуға қызмет етсін!, – деді ҚР қоғамдық даму вице–министрі Берік Арын.

         Вице–министр кездесуден кейін Сырым ауданының орталығындағы тарихи – өлкетану және Алаш музейімен танысты.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале