19.04.2018, 12:21
Оқылды: 43

Бершімбай сорындағы көл қалай «Мырзағали» атанды?

IMG_6645Кезекті іссапарда «Бершімбай» соры қасынан қоныс тепкен «Әли» шаруа қожалығына барғанда осы қожалықтың мүшесі Бамағамбет деген азаматтың ауызынан «ана жақта «Мырзағали» көлі бар» деген сөзді естіп қалдым. – Қай Мырзағали? –деп сұрағанымда, -Саралжын ауылында тұрған Мырзағали Мусин ғой,- деді.

Сәл шегініс... Мырзағали ағаны жақсы танитын едім. 70-ші жылдары өмірден озды. Бала кезімізде үлкендердің ауызынан,- Мырзағали соғыстан қашқан. Ол 30-40- шы жылдары әскери комиссариатта қызмет жасаған. Орыс тіліне жетік және сауатты да жаза білген,- деген әңгімені жиі еститінбіз. Бұл адамның сауатты екенін өз көзімізбен де көрдік. Үнемі қолында «Правда» газеті жүруші еді. Оның қашқын аталуы қалай болған?

Әскери комиссариатта қызмет істеп жүрген кезінде шатылған. Себебі белгісіз. Соғыс басталған кезде оған шақырту келеді. Мырзағали ағамыз себебі белгісіз соғысқа бармай, бой тасалайды. Сол бой тасалап жүрген кезінде бір ауылға барып колхоздың жұмысына да араласады. Әлгі ауылдың адамдарына «Мен орыспын. Орталықтан осы жаққа жұмысқа жіберді» деп айтқан көрінеді. Расында да ағамыздың көзі көк, өңі сары болатын. Әрі орысша мүдірмей таза сөйлегесін ауылдың аңқаулары оны орыс деп ойласа керек...

IMG_6652Енді қашқын болып жүргенде ол осы «Бершімбай» сорының қамысының арасында тығылған. Сол қамыстың арасынан лашық (жертөле) жасаған. Қасында соғыстан қашқан өзі сияқты Қасқыр, Шолпан деген адамдар болыпты. Бір қызығы лашық-жертөленің алдынан кіріп, артынан бірнеше метр жерден шығатын ауызы да болған. Бір күні Шолпан мен Қасқырды осы жерден НКВД-ның адамдары ұстап алып кетеді. Бұл кезде Мырзағали ағамыз азық іздеп ауылдарға қарай кетіпті. НКВД-ның адамдары екеуін ұстағаннан кейін жертөленің екінші ауызын бітеп кеткен. Мырзағали ағамыздың тығылатын жеріне келе жатқан кезінде олар құрықтамақшы болған. Соны байқап қалған ол қашып жертөлеге келеді. Екінші ауызынан шығайын десе оны бітеп тастаған. НКВД-ның адамдары оны жертөледен шығару үшін айналасындағы қамысты өртеген көрінеді. Амалсыздан ағамыз қолға түсіп, қолына кісен салынып, айдалып кете барыпты.

Соғыс біткеннен кейін ағамыз жазасын өтеп елге оралған. Ауылда ұзақ жылдар шопан болды. Бірақ ағамыздың басындағы хикая туралы тіс жарғанын естіген жоқпыз.

Иә, бұл сол бір сұрапыл, қиын замандағы адам тағдырының бір көрінісі. Мырзағали ағамыз бен Нұрсұлу апамыздан 4 ұл, 1 қыз ұрпақтары қалды. Қызы Жұмабике, баласы Жұмағазы бүгінде Атырау қаласында тұрады. Ал ең кенжесі Талғат Қызылорда жағында.

«Бершімбай» сорының жанындағы ағамыз тығылған жер «Мырзағали көлі» атанып, бүгінгі ұрпаққа аңыз болып жетіп отыр.

Ал осыны көргенде «адамзаттың Айтматовы» жазған «Бетпе-бет» хикаятындағы басты кейіпкер Смайыл көзімізге Мырзағали аға болып елестейді...

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,

БҚО, Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале