3.12.2019, 16:59
Оқылды: 292

Бесік тербеткен үйде береке бар

Қазір технологияның қарыштап дамыған кезеңі. Бала денсаулығының кепілдігі үшін неше түрлінің бәрі бар. Жөргектің сан алуаны мен балаға арналған тербелетін кереуеттер, тіпті электронды бесікке дейін бүгінгі нарықтан табуға болады.

 besyk

Ал медицина қызметкерлері қазақ бесігінің бала денсаулығына зияны бар деп топшылауда. Олардың айтуынша, бесікке бөлеген баланың денесі демалмайды, оранып жатқан сәби көп терлейді, осыдан келіп бала рахит ауруына шалдығып, жамбас сүйектері дұрыс жетілмеуі мүмкін. Осыған қарамастан қазақ халқы күні бүгінге дейін бесікке салу салтын ешқашан қолданыстан шығарған жоқ. Себебі әзірше бесікке бөленіп өскен баланың денсаулығына зиян келіп жатыр деген ресми тұжырым жасалған емес.

Бесік балаға тазалық пен денсаулық сыйлайды. Бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңгендіктен, осыдан қайырымды мінез пайда болады. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Сәбидің аяқ-қолын байлаудың өзінде де үлкен мән бар. Бала туғаннан қозғалмастан жатып, төзімді әрі сабырлы болуға тәрбиеленіп, қалыптасады. Ғалымдар бесікке салуға байланысты ғылыми зерттеулер жүргізіп, оның келесідей пайдалы тұстарына тоқталады.

Біріншіден, қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі де толық жетілмейді. Ал баланың мазасыздығы ананың психикасына әсер етеді. Бұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыздау болады. Бесiктен шешкен кезде сәби керiлiп-созылып, рахаттанады. Денесінің әртүрлі күйде болуы оған демалыс сыйлайды. Сәбидің тұлабойы таза болып, тазалыққа үйренеді. Бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Ол – мықты денсаулық кепілі. Бесік белгілі бір ырғақпен тербетіледі. Баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Бесік сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тiл-көзден сақтайды. Себебі бесік түрлі әшекейлермен безендіріліп, үкі тағылған.

Бесік – ежелден келе жатқан ата-бабамыздың аманаты екендігі белгілі. Дегенмен, жасыратыны жоқ, түрлі заманауи құрылғылардың пайда болуына байланысты бүгінгі таңда бесік қолданыстан шығып барады. Жас буынның бесік тербетуге деген ынталары да адам қуантпайды. «Бесік жырын» білмейтін аналарымыз көбейіді. Осыған қарап ұлттық құндылығымызды бағалап, бесіктің пайдасының мол екендігін насихаттай түссек, нұр үстіне нұр болар еді.  Әр қазақтың үйінде бесікте ана әлдиімен бірге бала тербетілсе, қандай ғанибет?! Ал сіздің үйіңізде бесік бар ма, балаңызды бесікке бөлейсіз бе?..

 

Меруерт Ешниязова

газеттің штаттан тыс тілшісі

сурет авторы Самат Құсайнов

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале