24.04.2017, 11:28
Оқылды: 39

«Библиотүн – 2017»

Теректі ауданында осындай атаумен Дүниежүзілік кітап күніне орай мазмұнды шара өтті.


Бірінші қабаттағы балалар кітапханасында «Мың бір түн» ертегісінің желісімен Шығыс халқының салт-дәстүрі мен дүниетанымына саяхат жасады. Әйгілі Бағдат қаласынан келген данышпан-жұлдызнамашының сұрақтарына мүдірмей жауап берген оқушылар түрлі ойындарға қатысып, көңіл көтерді. Қатысушылар сонымен қатар көне қалалардың тарихы мен мәдениеті жөнінде деректерге қанықты.

Одан соң «Поле чудес» ойыны өтті. Үш кезеңнен тұрған сайыста шәкірттер ұяшықтарда жасырынған сөздерді тез арада табуға тырысты.  Әр кезеңде қазақтың белгілі тұлғалары жөнінде сұрақ қойылды.

«Көңілді сұрақтар» атты әдеби фреште алуан түрлі сауалдарға жауап берген балғындар кітапханашыларға тарту ретінде өздері шығарған өлеңдерін оқып берді.

terekti biblioСондай-ақ, кітаптар мен қолөнер бұйымдарынан «сап түзеген» көрмені тамашалаудың да сәті түсті.

Екінші қабатта орналасқан сұлулық салонын бірден көзіміз шалып, бас сұқтық. Кезекте тұрғандар саны көп екен. Шаштараз бен визажист қиялдарына ерік беріп, келушілерді таңқалдырды.

Салоннан шығып, бәріміз Мұхтар Шахановтың 75 жасқа толуына байланысты ұйымдастырылған «Өлеңім – өмірімнің айнасы» атты әдеби-сазды кешке бардық. Шарада оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыса, кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің қызметкері С.Мырзағалиева мен И.Ихсанов М.Шахановтың сөзіне жазылған «Айналайын», «Туған күн кешінде» әндерін әуелетті.

Кеш соңында кітапхананың тұрақты оқырманы Үміт әже ақ батасын берді.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале