26.04.2019, 13:15
Оқылды: 40

«Бір киік атқан адамға үш миллион 700 мың теңге, мүйізін алған адамға бір миллион 800 мың теңге айыппұл салынады»

Бөкей ордасы ауданының әкімдігінде өткен жиында табиғатты қорғау ісі сөз болды. Жиынға Ауылшаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысы Қайрат Қадешев пен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Махамбет  Ихсанғали арнайы кеп, қатысты.

kik

 Облыстық мекемелерден арнайы келген қонақтар табиғатты қорғау мақсатындағы шаралармен таныстырып, қоршаған ортаның дабыл қағар түйткілді мәселелерін ортаға салды.

– Қазіргі таңда киік санағы жүргізіліп жатыр. Даланың көркі ақбөкендер өткен жылдарға қарағанда 40-ға өскен. Бүгінгі таңға дейін 135 мыңдай киік есепке алынды. Киік саны өскенмен осы бір мақұлықтың мүйізіне деген сұраныс та артып отыр. Бәзбіреулер үшін сайын даланың еркесі қып-қызыл пайда, қомақты қаржы. Адам баласы осы оңай олжа жолында қатыгездікке, жауыздыққа бой алдырып отырғаны өкінішті. Оқ тиіп қансырап жатқан киікті қинап, мүйізін кесіп ап кетеді. Мұндай фактілер бір емес, сан мәрте кездесіп отыр. Әлі де кездеседі де. Киік мүйізіне құмарлар қолға түсіп, жазаға тартылса да, тіпті түрмеге отырып шықса да, киікті нысанға алып, тағы шығады. Киік еліміз бойынша батыста көп. Сот статистикасы бойынша осы батыс өлкесінің он бес азаматы киік мүйізі үшін бірнеше рет істі болған. Бұл жазаның оңай ақша желіктіргендердің есін жиғызып, сабасына түсіріп отырмағанын көрсетеді. Былтыр облыс бойынша  киік ату, мүйізін алуға қатысты 42 қылмыстық іс қозғалып, 58 адам жазаға тартылды. Республика бойынша осы мазмұндағы 55-60 қылмыстық іс тіркелсе, соның төрттен үші біздің облыста орын алды. Киік – сайын даланың еркін жануары болғанымен, қожайыны бар, ертеңгі ұрпағымызға қалдырар қазынамыз. Сондықтан тағайындалар жаза да ауыр. Бір киік атқан адамға үш миллион 700 мың теңге, мүйізін алған адамға бір миллион 800 мың теңге айыппұл салынады, -деді Қайрат Қадешев.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Махамбет Ихсанғали бүгінгі таңда тек киік емес, бұлан, елік, қабанды, су көздері мен балық түрлерін де қорғау керектігін айтты. Махамбет Мәтенқожаұлының айтуынша, облысымызда жеті-ақ бұлан қалыпты.

Шара барысында сөз алған аудан әкімі Нұрлан Рақымжанов:

– Табиғатты қорғау тек бір мекеменің, бір күннің ісі емес, әрбір адамзаттың ісі. Табиғатқа әр қайсымыздың жанашырлық, қамқорлығымыз қажет. Киік, ақбөкен қасиетті жануар. Киесі бар. Біле білсек, әр талдың өзі текке жаратылмаған, өз миссиясы бар. Құлпырып қызғалдақ шықты. Далаға шығып, теріп, селфилеттік. Үйге жеткенше солып қалды. Не ұттық? Ал айға жетпес ғұмыры бар қызғалдақ жақсы өскен жердің шөбі де шүйгін, бітік шығады екен. Осыны естен шығарып жатамыз. Табиғатқа өз үйіміздей қарамасақ, салдарын өзіміз, өз ұрпағымыз көрерін ұмытпайық,-деді.

Аудан ақсақалы, табиғат қорғау ісінің ардагері Рахымжан Шакиржанов сөз алып:

– Заңсыз киік атушылар мүйіз үшін адам өлтіруге барады. Мүйізге шабуыл 1989 жылдан басталды. Сондай рейд кезінде соққы алып, есімнен танғаным бар. Осы салада 26 жыл жұмыс жасаппын. Табиғатты қорғаушылардан гөрі киікке шабуылдаушылардың техникасы мықты, сақадай сай болады. Мүйіз саудалап, пайдаға кенелуді ойлағандардың адымын аштырмау үшін қорықшыларды жақсы техника, көлікпен, қыста мотошанамен қамтамасыз ету керек, -деген ұсынысын айтты.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале