21.01.2021, 14:08
Оқылды: 141

Бір жылда үш кооператив құрылған

Теректі ауданы әкімі Арман Өтеғұлов, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев бастаған лауазымды қызметкерлер тобы Шалқар ауылдық округі орталығы – Сарыөмір ауылында округ әкімі Мейірбек Сұлтановтың есеп беру жиынына арнайы қатысты.

15E9E865-540C-45CE-B7C4-3248E7D633D1

Жиында барлық санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шаралары – арақашықтық сақтау, бетперде және антисептик қолдану орындалды.  

Үш елді мекен – Сарыөмір, Дуана мен Шалқардың  басын біріктірген округте 1654 тұрғын бар. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тұрақты. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын ауылда 3389 бас ірі қара, 7811 бас ұсақ мал, 2289 жылқы бар екен. Қыстық мал азығы жеткілікті. 21 қожалық, 3 өндірістік кооператив мал өсіреді. Былтыр құрылған үш кооперативтің бірі – Шалқар ауылындағы «Бейбарыс» 500 аналық қойға 20 еділбай тұқымды қошқар алды. Жұмыстары нәтижелі. Қойлары ерте қоздап, қорасында төлбасын бағып отыр. Ірі қара өсіретін Дуанадағы «Ералы» кооперативі 100 бас сиырға 4 ақбас бұқа сатып алды. Сарыөмірдегі «Атамекен» шөп шабуға қажетті трактор-құрылғылар алды.

«Бастау Бизнес» бағдарламасымен 5 отбасы 2 миллион 525 мың теңге қайтарымсыз несие иеленді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде грант ұтқан Сәлімгерей Қажығалиев 4 миллион 700 мың теңгеге наубайхана ашамын деп отыр. 4 миллион 700 мың теңге грант иеленген Мейірбек Ақасов автокөлік дөңгелегін шеберхана ашуды көздеген.

Осындай жақсы істерге толы болған жылы шалқарлықтар тағы бір игілік иеленді – Сарыөмірде үш бұлақтың көзі ашылып, Дуанада екі ұңғыма құдық қазылды. 25 метрден шыққан таза су дуаналықтар қажетіне жаруы үшін электр қуаты, тағы да қондырғы қажет болып тұр.

Жалпы, жасалған жұмыстарды тізбеген әкім Мейірбек Сұлтановтың қызметіне халықтың көңілі толып отыр.

Есептік жиналыста халық базынасын айтты. Мінберге көтерілген ауылдың сыйлы азаматы Шәрәпи Шотанов тас жолдан ауылға қарай бұрылған 500 метрлік жолға асфальт төсеу, жел қатайса сөніп қалатын электр желісін жөндеу, дәрігерлік амбулатория мен әкімшілік ғимаратын салу жайын айтты.

Грант иеленіп, наубайхана ақшалы отырған Сәлімгерей Қажығалиев сөз алып, өз ісін ашуға мүмкіндік берген үкіметке ризашылығын жеткізді.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале