21.01.2021, 22:59
Оқылды: 55

Бисенде іргелі істер атқарылмақ

Бисен – Бөкей ордасы ауданындағы халқы көп екі ауылдың бірі. Ауылдық округтің демографиясында да, миграциясында да айтарлықтай өзгеріс бар. Атап айтсақ, округ халқы 1982 адам. Ауылға көшіп келгендердің санына қарағанда қоныс аударып кеткендер көп. Келген саны 36 болса, кеткендер саны 91 боп тұр. Өткен жылы 59 сәби дүниеге келген.

141300737_2440520662761028_3066150692963017334_n

Округ бойынша 29 адам «Бастау-Бизнес» жобасы аясында қайтарымсыз грант, 9 адам «Игілік» бағдарламасы бойынша несие алып, өз кәсіптерін бастады.

Округте 118 шаруа қожалығы тіркелген. 101 қыстақта мал қыстатылады. Аналық малға 36 шаруа қожалығына субсидия алынды. 2020 жылы 23 шаруа қожалығы ірі қара мал басын асылдандыру бағытында 87 бас қазақтың асыл тұқымды ақ бас бұқа малдарын сатып алды. «А.Каукешов», «Ораз» және «Дәурен» шаруа қожалықтары мал бордақылау ісін жүзеге асыруда. Округ бойынша 37 шағын кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Олардың 24-і сауда-саттық, жолаушылар тасымалымен айналысады. Округте бір шайхана, бір тойхана, бір дәріхана және үш наубайхана, бір дөңгелек жөндеу орны жұмыс жасайды.

Округтегі екі орта, екі бастауыш мектеп және «Салтанат» бөбекжай ғимараттары жай жөндеуден өтсе, Б.Жәнекешев атындағы мектептің интернаты күрделі жөндеуден өтті. Жиекқұм ауылында балаларға арналған ойын алаңы және қоршалып, жасанды көгал төселген футбол алаңы жасақталды.

Бисен ауылдағы мәдениет үйінің жұмысы көпке үлгі. Пандемия шектеулеріне қарамастан белсенді жұмысын бәсеңсіткен жоқ. Санға шағып айтсақ, 60 онлайн шара ұйымдастырылыпты.

Округ әкімі Кенжебек Құрмашев баяндамасында түйткілді мәселелерді айтып өтті. Бисендік М.Ізбасаров пен Е.Ғұбашев «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алып, мінгі ат пен ат әбзелдерін алып, жекенің малын бағуға талпынса да, ауыл тұрғындары тарапынан қолдау таппағанын айтты. Яғни, бағымсыз мал мәселесін жолға қоя алмай отырмыз дейді.

Бисенде де пандемия өршіген кезде ауыл халқы бірліктерін таныта білді. «Саламатова.Ф», «Ахтарова», «Азамат», «Ерасыл», «Ағайын», «Динара», «Гусманова» ЖК, Т.Каукешев, жерлесіміз А.Рамазанова бастаған ауыл түлектері, Ш.Лайхов, Е.Меңдешев сияқты қожалық иелері, әр жылдардағы мектеп түлектері аудандық ауруханаға оттегі концентратын және Бисен, Мұратсай ауылдық дәрігерлік амбулаториясына дәрі-дәрмек алып берді.

Аудан әкімшілігінің қолдауымен жергілікті бюджет есебінен Бисен ауылында 2 пәтерлі екі ипотекалық жаңа тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Елжанды азаматтардың арқасында Жетібайда ауыл аты жазылған маңдайша, Жиекқұмда батыр Т.Масиннің бюсті орнатылып, Қарақыстау елді мекенінде қорым қоршалды.

Округ әкімі Кенжебек Құрмашевтің айтуынша, биылда іргелі істер атқарылмақ. Бисендегі мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, Жиекқұмға

ауыз су тарту, округ орталығының кіреберісіне асфальт төсеу, Жиекқұмға балабақша салу жоспарда бар. Дәл қазіргі таңда осы жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамаға ұсынылған.

140922374_2440520332761061_3593709642310002556_n

Жарыссөзде сөз алған ауыл ақсақалы Қайролла Сабыров аудан және ауылдық округ әкімдерінің жылдық жұмысына оң бағасын беріп, құм басу мәселесін, мешітті жылыту жүйесіне қосу қажеттігін назарға ұсынды. Ауыл тұрғыны Қайырболат Өтегенов «Кублей» ЖШС-нің бір қожайыннан екі бастан артық мал қабылдамайтынын айтты. Тиісті сала басшысы «Кублей» ЖШС-нің мал өнімін тапсырушылардан онлайн-касса болуын талап ететін, жеке азаматтарда мұндай қондырғы жоқ болғандықтан осындай шектеу туындап отырғанын айтып түсіндірді.

Ауыл тұрғыны, аудандық мәслихат депутаты Ермек Меңдешев те әкімдер ісіне оң бағасын беріп, алдағы қызметтеріне табыс тіледі.

«Орда жұлдызы»

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале