19.09.2017, 16:31
Оқылды: 19

Биыл Ақжайық ауданында 57 гектар жер өртке оранды

 

Тілсіз жау Ақжайық ауданын да шарпып өтіп, ауыл халқын біраз әбігерге салған болатын. Бүгін өткен брифингте журналистер аудан әкімінен дала өрттерінің себеп-салдары мен қысқы мал азығы қорының дайындалу барысын сұрады.


-Ауданымызда өртенбеген ауылдық округ қалмаған шығар. Соның ішінде шілде айынан бастап, дала және тоғай өрттері тіркелді. Былтыр аудан аумағында 16 дала өрті тіркелсе, биыл 53 рет өртенді.  Көршілес Атырау облысы, Жаңақала, Қазталов аудандары аумағынан келген өрт бізді де шарпып өтті. Орал-Атырау тас жолының 240 шақырымы біздің аудан арқылы өтеді. Көліктегі жолаушылардың темекі тұқылын лақтыруы, қатты жел кезінде электр бағандары сымдарының қысқаша тұйықталуы, шаруалардың тиісті техникалық байқаудан өтпеген көлікпен шабындыққа шығуы және т.б. жағдайлар кері әсерін тигізді. Шабдаржап, Тайпақ ауылдарынан басталған өрт екі-үш күн сайын қайталанып, үдей түсіп, Жайықтың сол жағалауындағы тоғайға өтті. Тұрғындар арасында өрт сөндіру жұмыстарының басы-қасында әкімдер жүрмеді деген реніштер айтылды. Бірақ, өзім, екі аудан әкімі, ауылдық әкімдіктер жанынан құрылған ерікті өрт сөндірушілер топтары, барлығы да атсалысты. Олар арнайы дала өртін сөндіру құрылғысымен жабдықталды. Шабдаржап, Ескі есім, Жаманқұдық ауылдарында зақымдалған электр бағандары үш күннің ішінде қалпына келтірілді. Тілсіз жаудың кесірінен 57 гектар жер өртенді, соның ішінде 23 шаруа қожалығының жері бар, мыңға тарта бума шөп өртеніп кетті, ауыл шаруашылығы техникаларына зақым келді. Қазіргі таңда қажетті 206740 тонна мал азығы қоры дайындалды,-деді Әділ Тауфиқұлы.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале