30.05.2018, 11:27
Оқылды: 62

Биыл Қаратөбеде бірнеше кәсіпкерлік нысан ашылады

Қаратөбеде аудандық мәслихаттың кезекті XVIII сессиясы өтті. Алдымен сессияның күн тәртібіне сай сөз алған аудан әкімі Жанат Асантаев аудан бойынша 2017 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебін баяндап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды.

– Бүгінгі күні елімізде кәсіпкерлікті қолдау үшін жағдай жасалып отыр. Осы бағытта аудан кәсіпкерлерінің халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартуымыз қажет. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы бойынша 3 жоба іске асты. Ал биыл аудан орталығындағы автосервис, Саралжын ауылдық округінде тойхана, Қоскөл ауылдық округі аумағындағы автокемпинг нысандары пайдалануға берілмек.

Сонымен қатар аудан кәсіпкерлері Қаратөбе ауылы орталығынан заманауи әмбебап дүкені, мейрамхана және тойхана нысандарын биылғы жылы іске қоспақ ниетте.

Ауданымыздың құрылыс саласында да оң серпін байқалуда. Қазіргі таңда ауданда үй кезегінде 218 адам бар. Алдағы уақытта кезекте тұрған тұрғындарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығына салу жоспарланған төрт пәтерлік 3 тұрғын үй құрылысының құжаттамасы жасақталды. Сондай-ақ бір пәтерлік 150 тұрғын үй құрылысы жобасы сараптамадан өтуде. Жалпы жыл қорытындысы бойынша ауданда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 102 іс-шара өтіп, 18,3 млн.теңге жұмсалды, - деді аудан әкімі Ж.Асантаев.

Одан соң Батыс Қазақстан облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Мейрамхан Қыдырбаев БҚО бойынша тексеру комиссиясының 2017 жылғы аудан бюджетінің қорытындысын баяндады.

Отырыста аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Берік Нұрмағанбетов «Қаратөбе ауданының 2017 жылғы бюджетінің атқарылуы жөніндегі жылдық есебін бекіту туралы» және «Қаратөбе аудандық мәслихатының 2017 жылғы 20 желтоқсанындағы №15-12 «Қаратөбе ауданының 2018-2020 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» шешім жобаларын аудандық мәслихат депутаттарының назарына ұсынды.

 Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале