2.02.2018, 16:57
Оқылды: 32

«Биыл Қазталовқа дейінгі 35 шақырымдық жол асфальтталады»

 

Бұл жайлы облыс әкімі Алтай Көлгінов аталған ауданға сапары барысында айтты. Бүгін Қазталов ауданы әкімі  Абат Шыныбеков халық алдында есеп берді.

Халық жиынында өңір басшысы Алтай Көлгінов:

- Бүгінгі күнге дейін Жаңақала, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарында болып, халықпен жүздестім. Атқарылып жатырған жұмыстарды көзіммен көрдім. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламаларда көрсетілген жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып келеді.

Соның бір ауқымдысы  республикалық маңызы бар жолдар салу. Өздеріңіз білетіндей осыдан 10 жыл бұрынғы жол жағдайымен қазіргі жолдарды салыстырып көріңіздерші? 2016 жылы облысымызда 290 шақырым жолдар жөнделсе, 2017 жылы 500 шақырым жолдар жөнделді. Тасқала ауданының 70 шақырым жолы жасалып отыр. Енді биыл аудан орталығы Қазталовқа келетін 35 шақырымдық жол асфальтталады.

kaztalov (15)Сонымен қатар оңтүстік аудандардың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы өңіріміздің драйвері деп санайтын болсақ,  мал өсіруге қолайлы жағдай жасауымыз керек. Ал оны өсіру үшін оның жем-шөп қоры болуы керек қой. Сондықтан су мәселесін шешу бірінші кезектегі міндет болып қалуда. Осыған орай Киров-Шежін каналының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнде 1 шақырымдық жұмыс көлемі қалып отыр. Мұнымен қоса көктемгі келетін суды ұстап қалу үшін су қоймасын жасақтау да міндеті тұр. Егер бар суды тиімді пайдалансақ, мал басын өсіруге де қолайлы жағдайлар болады. Тек Қазталов ауданы ғана емес, Ақжайық ауданының Азнабай-Тайпақ каналын, Жәнібек су каналдарын қалпына келтіру жұмыстары да жүргізілетін болады. Байқап қарасақ, жылдан жылға мал басының саны өсуде. Мысалы, Жаңақала ауданында мал басы саны Кеңес үкіметі кезіндегіден әлдеқайда көбейген. Міне, осының нәтижесінде малмен айналысқан шару адамдарына үкіметтен берілер қамқорлық та арта түсуде. Мәселен, өткен жылы облысымыз түрлі бағдарламаларға қатысқан ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлеріне 10 млрд. теңге субсидия бөлінсе, соның 800 млн. теңге қаражатын Қазталов ауданы алған. Жетістік пе? Иә, ауданның жетісітігі деп айтамыз. Сонымен қатар өңірімізде орта және шағын бизнесті дамыту – басты міндет болып қала береді. Барлық дамыған елдер осы саланы дамыту арқылы әлемнің өркениетті көшіне ілесе алды. Облысымызда да шағын бизнес саласы даму үстінде. Өңірімізде дамудың 42 пайызы осы шағын бизнестің үлесінде.

Сондай-ақ биылғы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтудың» жаңа бағыты бойынша жұмыс жасауды бастап кетттік. Енді халыққа «Балық беруді емес, қармақ беруді» қолға аламыз. Себебі әрбір адам өзіне пайда келтіретін істерін жүргізу үшін жағдай жасауға күш саламыз. Мемлекеттің басты ұстанып отырған қағидасы осындай. Сонымен қатар әр ауылдағы әлеуметтік нысандар жөндеуден өткізіле береді. Ал өздерінің туған ауылына көмек қолын созып жатқан азаматтар болса, оларды да қолдаймыз. Сіздердің аудандарыңызда Нұрлыбай Жолдыбаев өткен жылы Сарықұдық ауылына фельдшерлік пункт салып берсе, биылғы жылы Мәдениет үйін салуды қолға алмақ. Сондай-ақ Ақпәтер ауылында Самат Хамзин дәрігерлік амбулаторияны салуды қолға алайын деп отыр екен. Өте құптарлық іс. Бұндай істі әркезде де дәріптеп отыруымыз қажет.

Алдағы уақытта Қазталов ауданында да Елбасының Жолдауында айтылған міндеттеріне сәйкес цифрландыру жұмыстары да іске асырылатын болады. Сонымен қатар аудандарда да жеке балабақшалар ашуды ойластыру қажет. Тұрғын үй мәселесі қай жерде де өткір күйінде қалуда. Бұл  мәселе де өз шешімін табады деп санаймын, -деді.

Облыс әкімі осы бір келелі мәселелерді қозғай келіп, өңірімізге дәрігер, мұғалім мамандарын тарту, олар үшін облыста жасалып жатқан қолдаулардың барлығына, ауыл шаруашылығы өнімдері, соның ішінде жүн-терілерді өткізу, ауылға қажетті мамандардың жетіспеушілігінің орнын толтыру мақсатындағы атқарылар жұмыстарға тоқталып өтті.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале