26.01.2018, 10:44
Оқылды: 59

Биыл Жәнібекте 80 отбасы баспаналы болады

Жәнібек ауылдық округінің әкімі Мұстахим Қабдысалиев 2017 жылы ауылдық округ бойынша атқарылған жұмыстар туралы тұрғындар алдында есеп берді.

Былтыр Жәнібек ауылының тұрғыны Азамат Сейіткереев 8 миллион теңге көлемінде несие алып, автокешен құрылысын іске қосқан. Өткен жылы, сондай-ақ ауылдық округте «Жәнібек-Өрлеу» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі құрылған. Былтыр ауылдағы кәсіпкерлік саласында 75 жаңа жұмыс орны ашылып, сонша адам жұмысқа орналасқан. Сол сияқты келісімшарт негізінде 19 адам әлеуметтік жұмыс орындарына қабылданған.

Өткен жылы ауылдың инфрақұрылымын дамыту мақсатында Д.Нұрпейісова, М.Мәметова атындағы көшелерге ұзындығы 1 шақырым 400 метрге жуық тротуар салынып, пайдалануға берілген. Бүгінде ауыл ішіндегі тротуарлардың ұзындығы 7 шақырым 500 метр құрап отыр.  Былтыр тартылған ауыз су құбырына бұрын қосылмай тұрған 800-ге жуық тұрғын үй, 12 мекеме және 12 кәсіпкерлік нысандары қамтылып, қазір тұщы судың игілігін көруде. Күні бүгін ауылдағы барлық 1987 тұрғын үй ауыз су желісіне қосылған. Тізе берсе, ауылдық округте атқарылып жатқан мұндай игі істер көптеп саналады.

Жәнібек ауылының тұрғыны Бәтима Масанова аудан орталығын таза ұстау үшін әр отбасын айына бір рет мекен жайының айналасын қағаз және басқа қалдықтардан арылтып тұруға шақырды. Сонымен қатар А.Оразбаева атындағы жалпы білім беретін негізгі мектептің жанынан қысқы спорт зал салу, ал салуға мүмкіндік болмаған жағдайда, аталған оқу орнының жанында тұрған ескі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, құрылысын спорт залға лайықтап тұрғызып беру туралы ұсынысын білдірді.

Жиынға қатысқан аудан әкімі Азамат Сафималиев ауданның барлық ауылдық округтерінде алдағы жылдары қолға алынатын нақты істерді мәлім етті.

–Соның ішінде биыл аудан орталығындағы 9 көшеге 10 шақырым көлемде асфальт төсеу жұмыстары басталады, оның жобалық-сметалық құжаттары дайын. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында былтыр 8 үш пәтерлі тұрғын үй салынып, кезекте тұрған 24 отбасы баспанаға ие болды. Сондай-ақ 40 екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталып, биыл тағы да 80 отбасы баспанаға қол жеткізетін болады. Көшеге тротуар салу  жалғасып, алаңды жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілмек,-деді ол.

                                                                                 Н.Өтей

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале