8-707-808-48-55
БҚО әкімі Алтай Көлгінов Жаңақала ауданында болды

IMG_4307Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің аудандарды аралап, жоспарлы жұмыстардың жүргізілу барысымен танысу сапары 8 маусым күні Жаңақала ауданында жалғасты.

Өңір басшысы алдымен аудан орталығында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үй құрылысы алаңына келіп, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындарымен кездесті. Халық алдында ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысының барысымен танысты. Биылғы жылы да аудан бойынша құрылыс көлемі ауқымды.

Соның бірі де, бірегейі - халық сұранысы бойынша облыс басшылығының қолдауымен жүзеге асып жатқан Жаңақала топтық су құбыры құрылысы. 2017 жылы тамыз айында басталған құрылыс биыл жыл соңында пайдалануға берілуі тиіс. Өңір басшысының тікелей қадағалауында тұрған құрылыс қарқынды жүргізіліп келеді. Жобалық құны 2,522 млрд.теңге болатын құрылыстың келісімшарт құны 1,831 млрд.теңге. Ұзындығы 145,69 километр болатын су құбырын, оның қажетті нысандарын салу, әрине, жеңіл жұмыс емес. Осы су құбыры арқылы ауданның сегіз елді мекені, онда тұратын 16789 адамды таза ауызсумен қамтуды көздеген құрылыстың бүгінгі жай-күйімен танысқан облыс басшысы мердігерлерге жұмыс сапасын кемітпеуді тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкімі А.Көлгінов тұрғындармен бірге аудандағы жүргізіліп жатқан инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй құрылыстары, жолдар мен спорт алаңдары, суармалы көлтабандардың арықтары мен су қақпаларын жөндеу жұмыстары туралы мамандардың хабарламаларын тыңдады. Мұнан кейін кездесуге жиналған тұрғындармен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында пікір алысты.

IMG_3944-Ең өзекті мәселе – халықты таза ауыз сумен қамту. Таза ауыз су адамдардың денсаулығын сақтау үшін керек. Елбасы тапсырмасы бойынша облыста бұл жұмыс жоспарлы жүріп жатыр. Мақсатымыз – адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, - деген өңір басшысы  аудан әкіміне үнемделген қаржыдан жол жөндейтін қуатты техника алуды тапсырып, тұрғындардан мал басын көбейтуді сұрады.

Мал өнімдерін өткізудегі қиындықтарды айтқан ардагерлер сұрағына орай бұл бағытта облыста жүргізіліп жатқан жұмыстарды әңгімелеп берді.

-Кәсіпкерлікті дамыта түсіңіздер. Істеймін деген адамға ешкім кедергі жасамайды. Біздің міндетіміз – істеймін деген адамға жағдай жасау, - деп қорытты облыс басшысы бұл жердегі кездесуді.

Облыс басшысы мұнан кейін аудан орталығында салынып жатқан жобалық құны 220458,58 мың теңге үш қабатты 24 пәтерлік жалдамалы тұрғын үй құрылысын көріп, өз қолымен қабырғасына кірпіш қалап, құрылыстың ел игілігіне айналуына тілек білдірді.

Құрылыс алаңынан кейін өңір басшысы аудан тұрғыны Батырбек Бердіғалиевтің жеке кәсіпкерлік нысанына атбасын тіреп, мұнда аудан кәсіпкерлерімен, жастар өкілдерімен кездесті.

Кәсіпкерлермен әңгіме үстінде облыс әкімі:

-Елбасының бес әлеуметтік бастамасының біреуі  - шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін қайтарымсыз демеу қаржыны көбейту. Облыс бойынша субсидия өткен жылғыдан биыл екі есе көбейіп, бұл тапсырма жүзеге асып жатыр, - деп кәсіпкерлікке қамқорлық жайын сөз етті.

IMG_4237Жастар өкілдерімен өрбіген әңгімеде «Жасыл ел» бағдарламасының аудандағы барысын тыңдап, белсенді жастар ісіне ризашылық білдірді. Жастарға жасалып жатқан қамқорлық жұмыстарына тоқталды.

-Біреу үшін емес, өзіміз үшін істейміз, - деген А.Көлгінов салынып жатқан құрылыс нысаны ішіне ұя салған қарлығаштарды да назарынан тыс қалдырмай, жақсылық белгісіне балады.

Сөйтіп, уақытының қауырттығына қарамай халық өкілдерімен кездесіп, жүргізіліп жатқан жұмыстар барысымен танысқан өңір басшысы тиісті адамдарға нақты тапсырмалар   беріп, береке бар жерде бақыт ұялайтынын, аталған үлкен құрылыстар біткенде арнайы келіп, ел қуанышын бірге бөлісетінін айтып, ауданнан аттанып кетті.

 Өмірзақ АҚБАСОВ

Жаңақала ауданы

 

 

Ұқсас жаңалықтар Басқа да жаңалықтар
Пікір қалдыру