22.06.2020, 15:48
Оқылды: 264

БҚО әкімі Ғали Есқалиев: «Сырым елінен батырлар шыға берсін!»

 Кешегі сенбіде Сырым ауданына жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев келді. Өңір басшысы алдымен Шолақаңқаты ауылдық округінде болып, Аңқаты су қоймасымен танысты.

13401F4D-3BB7-4504-B263-019F7F695D51

Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Ерлан Журалиевтің айтуынша, су қоймасы 6,5 миллион текше метр су жинауға қауқарлы. Өзеннің суын шаруашылыққа пайдалану мәселесі бұған дейін де көтеріліп келеді. Өйткені қойма 2017 жылы сол мақсат үшін қалыпқа келтіріліп, жөнделген еді. Қазіргі таңда округте 7,5 гектар босалқы жер бар. Оның 800 гектары – егіс алқабы. Ғали Есқалиев алқаптарға су шығару, округте суармалы егіншілікті дамыту туралы ұсыныс айтты.

- Бұл әдісті инвесторлар өз алдына, жергілікті шаруашылықтар игеруі керек. – деді.

Күнінде «Правда» газеті атындағы астық совхозы ретінде одаққа танымал болған ауылдың бір кездері барынан айырылғаны рас. Бірақ татулық пен тыныштық Шолақаңқатыға жоғалғанын қайтаруда. Биыл – округ үшін олжалы жыл. Күрделі мәселелердің дені жүзеге асып жатыр. Тоғанас, Құспанкөл және Аңқаты елді мекендері ауыз сумен қамтылады. Су құбырларын тарту жұмыстары аяқталу сатысында. Тоғанас ауылына кіретін 12 шақырым жол жөнделуде. Орталықта әмбебап спорт алаңы салынды.

Мемлекет қадағаласын, халық бақыласын!

Аудан орталығына келген облыс әкімі Жымпиты ауылында жүріп жатқан ауылішілік жолдардың құрылысымен танысты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында биыл Қазақстан, Ж.Досмұхамедов, А.Жұмағалиев, А.Байжанов, К.Меңдалиев көшелеріне асфальт төселмек. Жөндеу жұмыстары үстіміздегі жылдың 5 мамырында басталды. Қазіргі уақытта автомобиль жолдарының ескі қатты жамылғылары алынып, жолды тегістеу, қыру жұмыстары жүргізілуде. Мердігер – «Марасант» ЖШС. Қажетті құрылыс материалдары Орал қаласынан тасымалдануда. Жөндеу жұмыстарының құны 224, 5 млн. теңгені құрайды.

Жол жөндеу жұмыстары аясында 62 жұмыс орыны ашылуы қажет болса, бүгін соның 21-і ашылыпты. Аудандық «Жұмыспен қамту» орталығы арқылы 7 адам еңбекке тартылған.

- Барлық жұмысқа мемлекеттік қадағалаудан бөлек, халықтық бақылау керек. Өйткені елдің көзі – таразы. Көшелерді асфальттаудың мерзімі қарашаға дейін екен. Ыждағаттау керек. Уақытынан бұрын бітсе дұрыс болады. Оған жағдай да, мүмкіндік те бар секілді. Бірақ тез аяқтау керек екен деп, жұмысты қалай болса солай, олпы-солпы жасауға болады. Бізге сапалы жұмыс керек. Жөндеу жұмыстарының әр кезеңін зертханамен келісіп атқаруды, құрылыстың басындағы қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырамын. – деді мердігермен кездескен Ғали Есқалиев.

Осы көктемде Жымпитыдағы мәдени – спорт кешені екінші мәрте жөндеуден өтті. 1978 жылы салынған ғимарат осыдан 19 жыл бұрын бір жөнделген. Кешенге келушілер көп. Үйірмелерге келетін балаларды айтпағанда, зал ішінен спортқа әуес жергілікті халықты да жиі байқаймыз. Көптің аяғы тоздырмай қоймайды. Қазір кешеннің жылу, кәріз жүйелері жаңартылып, ғимарат заманауи келбетке ие болды.

«Қайсар» спорт клубының жаңа қонысына Ғали Есқалиев те «Құтты болсын!» айтып, кіріп шықты. Өңір басшысы жаңа кейіптегі спорт нысанын аралап, спорттық ойындар, күрес, үстел ойындары залдарында болды. Шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ залдары өңірдің әр аудан – ауылында болуы керек дегенді айтты.

- Жөнделіп, жаңғыртылған жаңа кешен жас чемпиондардың қанаттанатын ұясына айналуы керек. Сырым елі – батырлар шыққан ел. Сол даңқты дәстүр үзілмесін, тағы да батырлар шықсын деп тілек айтамын! – деді облыс әкімі кешенде жүріп.

«Жымпиты арбаты» салынуда

Ғали Есқалиев кейін Жымпитыдағы орталық алаңды абаттандыру жұмыстарын көрді. Қазір айлапат алаңға өрнектас төселіп жатыр. Жарықтандырылмақ. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев түпкі ниет - бұл жерді халықтың демалатын орынына айналдыру екенін айтты. Ғали Нәжімеденұлы алаңның болашақ көрік0келбетіне үлкен мән беруді, ол үшін эстетикалық жолмен абаттандырып, көгалдандыруды жоғары деңгейде жүргізуді еске салды. Әр тал гүл ауылға сән беріп, әр орындық халыққа ыңғайлы болуы керек.

Облыс басшысы аудан әкіміне:

- Демалыс алаңынан кәсіпкерлерге орындар беру керек. Серуендеуге шыққан, аудан орталығында шаруасымен жүрген тұрғындарға қызмет көрсетсін. Сол арқылы табыс тапсын. Біз алаңдардың өзінен жұмыс орындарын ашуға тиістіміз. Осы мәселе бойынша жұмыстанып, нәтижесін маған баяндаңыз. – деген тапсырма берді.

Қазіргі заманда «Қаладағылар ауылдың адамдарынан гөрі бай өмір сүреді» - деген түсініктің күл – паршасы шықты. Қала мен ауылдың тұрмысындағы арақашықтық жойылды. Тіпті, жайлы өмір мен  бақуатты жағдай жағынан салыстырсақ, ауыл қаладан озып кеткендей. Асфальт көшемен жүруді, зәулім үйде тұруды айтпағанда, ауылдағы демалыстың өзі мәденилене бастады. Абаттандырылған орталық алаң – соның нақ көрінісіне айналмақ. Облыс әкімі айтқандай, әдемі орындықтар қойылса, көгалдандырылса, су бұрқақ орнатылса, бастысы Қазақстан көшесінің қоғамдық-саяси сүреңі сынып, балалық мекеніне, жастық даңғылына ұқсап тұрса ғажап болар еді. Жергілікті халық та бұл орын болашақта «Жымпиты арбатына» айналады деп сеніп отыр.

Қаржыны үнемдеу – оны тиімді пайдалану!

2020 жыл Сырым ауданы үшін «құрылыс пен жөндеу жылы» болатын түрі бар. Мәселен, Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының ғимаратының шатыры ашылып, ішінде сатыр-гүтір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ғали Есқалиев арнайы келіп, істің басында болды. Жұмысшылармен жүздесіп, хал-жағдайларын сұрады.

13283175-4EE6-492D-A68F-17B96D0F09C2

87 үйірмесі, 1025 шәкірті бар орталық жөндеу аяқталғасын өз ғимаратына оралатын болады.

Күнінде өкпе ауруларын емдейтін аурухана болған нысанның жұмысы тоқтағанына біраз жыл болды. Жергілікті биліктің аурухана ғимаратын жөндеп, оған аудандық полиция бөлімін орналастыру туралы ойы бар. Кеше облыс басшысы аудан полицейлерімен осы ойды талқылады. Аурухана ғимаратын да аралап көрді.

Есқалиев мырза жөндеу жұмыстары кезінде ысырапшылдыққа салынбау туралы ескертті. Полиция бөлімі ғимаратының сырты жарқырап тұрғанынан гөрі, ішінің жайлы болғаны ыңғайлырақ. Өйткені, ұжым жұмыс жасайды, халыққа қызмет көрсетеді.

Жергілікті басшылар облыс әкімінің:

- Қаражатты үнемдеу – оны тиімді пайдалану деген сөз. Сәннен бұрын сапаға көңіл бөлген дүрыс. Мәселен, қымбат таспен мекеменің сыртын қаптағанша, дәлізіне жиһаз алған дұрыс. Ол жерге халық отырады. – деген сөзін қатерге алады деп ойлаймыз.

Су мәселесі ертеңге қалмайды

Өткен аптада «Бірінші Еуразия арнасы» «Желге ұшқан миллиондар. «Ақбұлақ» бағдарламасы нәтиже бермеді. БҚО-ның аудан орталығы тұрғындары сусыз отыр» - деп жаһанға жар салды. Жымпитыда ауыз су мәселесі жоқ емес, бар. Бірақ ұдайы емес, су тапшылығы тек жазда ғана туындайды. Халықтың жанайқайға салуы дұрыс, алайда, билік те қамсыз отырған жоқ. Осыған дейін халықтың пікірі мен биліктің ой-ниетін, жоба-жоспары газет бетінде тоғысқан еді.

Ал республикалық арнаның «Жымпитылықтар цивилизацияны сезіне алмай отыр», - дегені қаншалықты ақиқат? Қаншалықты дұрыс? «Бірінші арна» Жымпитыға келген жоқ, жағдайды көзімен көрген жоқ. Сюжетті тек әлеуметтік желідегі видеоларды және мұрағаттағы кадрларды пайдаланып жасай салған. «Бірінші арна» дауды бірінші болып көтердік деп, ел мен билікті араздастырып, қызығына қарап отырған кезде, Сырым ауданында ол мәселе нақты шешіліп жатты.

- Жымпиты ғана емес, аудандағы басқа да ауыз су тапшылығын сезініп отырған ауылдар үшін Кеңащы жер асты су кен орынынан су тарту жобасын ұсындық. Бұл жоба – аудандағы су тапшылығын шешудің жалғыз жолы әрі сонысымен игілікті.

76, 954 шақырым су құбыры арқылы Жымпиты, Өлеңті ауылдарының тұрғындары, дәлірек айтқанда 6960 адам сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтылады. Осы жоба Бұлан, Жамбыл, Қособа, Жырақұдық және Шағырлой ауылдарына да су шарапатын алып барады. Демек, манағы 7 мың шақты адамның үстінде тағы да 3 мың адам таза суға қол жеткізеді, – деп баяндады жүйенің құрылысымен танысу үшін Мұқай нүктесіне келген өңір басшысыне аудан әкімі Төлеген Төреғалиев.

Құны 2 млрд. 131, 93 млн. жобаның 1 млрд. 166, 6 млн. теңгесі бөлініп, жұмыс басталған еді. Қалған қаражат келесі жылға қалдырылған. Бірақ жобаның маңыздылығын, сондықтан уақыт создырмай аяқталуын қолдаған облыс әкімі Ғали Есқалиев қалған қаражат келесі жылы емес, биыл бөлінуін ықпал ететін болды. Демек, Кеңащының кең арналы суы аудан орталығына Тәуелсіздік тойына дейін келеді.

Ауылды ұстау – халықтың қолында

Биыл Сырым ауданында тағы бір күрделі мәселе шешімін тапты. Яғни Сарой ауылдық округіндегі Абай орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жалпы аумағы 3620 шаршы метрді құрайтын 634 оқушыға арналған кеңестік құрылыс жаңа заманғы білім берудің қойған талабының алдында «тосылып» тұр еді. Жөндеу жаңа табыстарға жол ашпақ. Ұстаздардың білім беруі, шәкірттердің білім алуы өз алдына, жергілікті билік мектептің жанынан интернат ұйымдастыруды да жөн деп отыр. Аудан әкімінің әуелде айтқан «Мұғалім ауылға бармаса, ауылдағы оқушы мұғалімге келеді» - деген ұстанымы осы жерде де көрініс тапқандай. Ендігі жерде, округтің маңындағы мекендердің балалары интернатта жатып, сапалы білім, саналы тәрбие алатын болады. Облыс әкімі жөндеу жұмыстарын тап-тұйнақтай етіп, артық шашау шығармай, өзекті һәм қажетті тұстарға басымдық бере отырып аяқтауды тапсырды. Қазір мектепте 83 оқушы білім алады. Өңір басшысының мектеп ұжымына айтқан өтініші – оқушы санын арттыру болды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Сырым ауданындағы сапары кезінде тек жоспарланған нысандарды аралап қоймай, аудандағы әріптесімен, халық қалаулыларымен жергілікті маңызы бар мәселелер жөнінде пікірлесті. Осы пікірлесуді пайдаланып, белгілі кәсіпкер, Батыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты Ғанимат Нұрмұханов Жымпитыдағы мектеп-лицейге оқу корпусы және жатақхана ретінде таңдалған ғимараттарды жөндеуге қолдау сұрады. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев те ауданға мектеп-лицейдің қажет екенін, білімді балаларды дамыту үшін орнықты оқу орыны мен жайлы жатақхана керектігін айтты. Әкім мен депутат ауданның музейін Алашорда көшесіндегі қосқабатты ғимаратқа көшіру, Жымпитыдағы О.Исаев, Х.Есенжанов көшелерін асфальттау мәселелерін де көтерді. Өңір басшысы мектеп-лицей мен музейдің ғимараттарын жөндеу, заман талабына лайықтау мәселелеріне қолдау білдіретінін айтты.

- Биыл Сырым ауданына мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлінді, сәйкесінше маңызды жобаларға «жан бітті». Олардың барлық құны шамамен 9 миллиардқа жуықтайды.

Жобалардың маңызсызы жоқ, бәрі маңызды. Мәселен, үлкен мәселе – Кеңащыдан су құбырын тарту жұмысы жүріп жатыр. Қараша айына дейін аяқталуы керек. Шешуге жұмыстанамыз. Мектептің жөндеуі, жол салу – бәрі де керек. Мектептер ауылдардың дамуына түрткі болады, жолдар – тіршілік тамыры.

Полицияға ғимарат беру туралы бірер сөз. Тергеу жұмысы да, тергеуге дейін оқшаулау шаралары да ауданның өзінде жүруі керек. Тергеуге алынған адам да – елдің азаматы. Жауапқа тартылды екен деп, оларды басқа ауданға тасымалдап, әуреге салып қоюға болмайды. Сондықтан, бұл мәселе де өзекті.

Елге жағдай жасау – биліктің міндеті, ал елді біріктіру, ауылды ұстау – халықтың қолында. Елге ақыл айтар ақсақалдар, білімді ұстаздар керек. – деді Ғали Есқалиев ауданға сапары жайлы «Сырым елі» газетіне берген сұхбатында.

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале