21.05.2018, 16:56
Оқылды: 23

БҚО әкімінің бірінші орынбасары Теректі ауданында болды

IMG_0234Теректі ауданының жағдайымен танысу үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов бастаған, құрамына аудан әкімі, облыс-аудан көлеміндегі ауыл шаруашылығы саласындағы лауазымды қызметкерлер енген үлкен топ сенбі күні жолға шықты.

Олардың алғашқы ат басын тіреген жері – «Ақас» шаруа қожалығы болды. Қазақтың ақбасы пен герефордасыл тұқымды ірі қарасын өсіріп, сүт өндірісінде өзіндік орын алған шаруашылықта іс жолға қойылғаны көрініп тұр. Сүт фермасы іші таза. Айнала қызған құрылыс. Асфальт жол да төселініп қалған. Көз қуантады. Дегенмен, шаруашылық иесі Қатауолла Ашығалиевтің ойында жүрген бір үлкен іс бар екен. Ол – суармалы алаң. Ылғалы аз біздің өңірде малға сапалы азық жинау тез қимылды қажет етеді. Қимылдағанның өзінде де, қуаңшылықтан шөп сапасы болмайтын жылдар бар. Бұның бәрі талай жылдан айтылып та жүр. Дегенмен, Қатауолла Мерәліұлы сөзден бұрын іске шалт адам ғой. Суармалы жерге су апаруды ойластырып қойған екен. Ол үшін Барбастау каналының су жүрер жерлерін тазартып, су қоймасы – әдемі Жалтыркөлдің табанын тазартыпты. Кебір жерінде тереңдігі 7 метрге дейін жететін айдын тек мал суарар орын емес. қыз-үйрек мекендеп, қоршаған ортаны байытуға да жарап тұр. Су үстінде, тіптен, қатар жүрген қос аққу да шалынды көзімізге. Іскер басшының сұрағаны – канал толыққанды жұмыс жасап, Барбастау су қоймасынан су келсе дейді.

Бұл шараның тиімділігін бағамдаған Игорь Валерьевич есеп жүргізу керектігін айтты. Қатауолла Мерәліұлы өзі де қарап отырған жоқ. Малды жаздық жайылымында суару үшін тоған да жасап қойыпты. Қар суымен толыққан тоғанның су сарқылмауына түбінде шығып жатқан бұлақ көздері сеп екен. Жайылымдағы мал басында да болдық. Қарасы мол қазақтың ақбас малы ен жайылып, қоң жинап қалған. Бұдан басқа сүтті голшитно-фриз тұқымды сиырлар да ұстайды.

Далалық жолмен тіке тартқан топ аудандағы тағы бір алдыңғы қатарлы қожалық –Валерий Голоуховтың егістік алқабынан бір шықты. Жол бойы кемшінсіз жасыл егістік көз тартып-ақ келген мамандар үшін Валерий Иванович «құрғақ суару» тәсілі туралы ғылыми дәріс те оқып берді.

Ғылыми терминдер қолданбай-ақ, «құрғақ суару» қолданылған нақты егіс басында көзіміз жетті – бұл әдісті басқа да егіншілер қолға алса, Голоухов сияқты гектарынан 10-15 центнерден, күздік жапқанда 30 центнерден  өнім алары сөзсіз.  Ыстық пен қуаңшылықта жердің беткі қабаты жарылып, ұсақ жарықтар арқылы жер астында жиналған ылғал жоқ болып кетеді. «Құрақ суару»  арқылы өңделген алқапта майдаланған топырақ сол ұсақ жарықтарды бітеп тастайды. Сөйтіп, ылғалдың ысырап болуын тоқтатады. Өнімділік өседі. Көзім көргенді айтайын – бір дәннен сегіз түп шыққан екен.Егістік басындағы кешенді өңдеу құрылғысы дән себумен қатар агротехникалық шараларды да атқарады екен.

Осы жерде облыс әкімінің бірінші орынбасары  шаруашылықтың субсидия алуы, жаңа техника құны мәселелерін қозғап, анықтады. Шаруашылықта жиналған техника басына барғанда таңданысымызды жасыра алмадық. Бір басы Австралиядан алынған тіркемелі техника болса, төрт бірдей «Джон Дир» комбайндары өз алдына бір төбе.

Егіншілер қосы да жинақы, барлық жағдай жасалған. Тек жұмыс пен шаруашылық қажеті ғана емес, ең бастысы, адам факторына назар аударылғаны көрініп тұр. «Дән салудың әр күні ертеңгі күні өз нәпақасы екенін білген механизаторлар  екі ауысымда, тоқтамастан жұмыс жасайды»- дейді Валерий Иванович.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов бастаған топ сенбі күні сапарлатып, Теректі ауданы шаруаларының өз ісіне берілген, ел игілігі үшін терлеген, Елбасы жоспарларының орындалуына атсалысып жүрген көзі ашық азаматтар екеніне көз жеткізіп қайтты.

Камелия ӨТЕУ

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале