30.03.2020, 12:17
Оқылды: 175

БҚО - Ақтөбе шекарасы жабылды

  Самара - Шымкент халықаралық күре жолының 510 шақырымында екі аптадан бері коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында блокбекет жұмыс жасап жатыр. Бұл жерде Сырым, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарының эпидемиологтары, учаскелік полиция инспекторлары, миграция мамандары екі күн сайын ауысып, еңбек етуде.

dav

Кеше Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев блокбекеттің жұмысымен танысты.

Былайғы уақытта эпидемиологтардың қызметін қайғысыз-қамсыз қызмет деп, міндеттері түсіндіру, тексерумен шектеледі деп ойлап жүрдік. Бірақ мемлекет бойынша төтенше жағдай жарияланғанда халықтың қауіпсіздігі үшін осы кісілер сапқа тұрды. Біз барғанда бекетте Сырым аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Қарлығаш Мұхамбетәлиева мен басқарманың жетекші маманы Гүлбану Мәулетова тұр екен. Олар бас мемлекеттік санитарлық дәрігер М. Арыспаевтың қаулысына сай Самара - Шымкент күре жолымен өтетін жолаушылардың әрқайсысының дене температурасын өлшеп, оларға қайдан шыққаны, қайда бара жатқаны, жеке бас мәліметтері туралы сауалнамалар толтыртып, ал ауыр жүк көліктерінің иелеріне елді мекендердің аумағына тұрақтамау туралы ескерту таратып, қыруар жұмыс атқарып жатыр екен. Бекеттің басында көлік пен жолаушыдан дамыл жоқ.

dav

- Бекеттен күніне 1000-нан астам жолаушы өтуде. Қазақстанның қалаларын айтпағанда, Самара – Шымкент халықаралық жолы арқылы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Белорусь мемлекеттерінің көліктері қатынауда. Кеше біздің бекеттен Қытай Халық Республикасының 5 бірдей көлігі өтті. Жолаушылардың қызуын тепловизор аппараты арқылы өлшеп жатырмыз. Әзірге ауру белгілері бар адам анықталған жоқ. Анықталса, бекетте оқшаулау бөлмесі дайын тұр. «Жедел жәрдеммен» байланыстамыз. – дейді Қарлығаш Мұхамбетәлиева.

oznor

Блокбекеттің басындағы қауіпсіздік пен тәртіп Сырым аудандық полиция бөлімінің бақылауында. Ауданның кезекшілігі уақытында жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары Еркебұлан Тапаев, Нұрбол Кабиев, Аманжол Сапиевты және әріптестерімен бірге жүрген бөлім басшысы, полиция подполковнигі Бақтығали Қожахметовты көрдік. Күн аяғына қарай «Сырым» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің қызметкерлері де бекеттен табылды. Олар екі облыстың шекарасын шегендеп, көлік қозғалысын шектеу үшін арнайы шлагбаум орнатты.

Індет ел аумағын күннен-күнге жайлап барады. 29 наурыз күні koronavirus2020.kz сайты Батыс Қазақстан облысы аумағынан да 2 адамнан дерттің анықталғанын ресми жария етті. 30 наурыз күні сағат 00: 00-де Батыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысының шекарасы жабылды. Бекеттен тек транзиттік көліктер ғана өте алады.

 Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале