16.08.2017, 14:01
Оқылды: 45

БҚО-да «Ақбидай» ойындары аяқталды

Бес күн бойына спортсүйер қауымның назарын өзіне аударған облыстық «Ақбидай» ауыл спорты ойындары мәреге жетті. Төрт жылда бір келетін «Ақбидай» ауыл спортшыларының олимпиадасы деуге келетін байрақты бәсекені биыл Зеленов ауданы қабылдады. Спорттың 12 түрінен өткен жарыстар тартысқа толы болды.


Бақ сынай келген спортшылар өздерінің керемет бабында екенін көрсетті. Оған тартысқа толы өткен бәсекелер куә. Енді әр спорт түріне жеке-жеке тоқталсақ:

 Бәйге

Жарысты 11 шақырымдық топ бәйге мен 21 шақырымға созылған аламан бәйге бастады. Топ бәйгеде үшінші орынды Шыңғырлау, екінші орынды Теректі ауданының, бірінші орынды Зеленов ауданының сәйгүлігі иеленді. Ал, аламан бәйгенің жүлдесін Жаңақала, Зеленов және Тасқала аудандарының шабармандары өзара бөлісті.  Топ бәйге жеңімпазына 200 мың, аламан бәйгеде бірінші келгенге 400 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды.

 Көкпар

Ауыл спортшылары бақ сынаған ойындарда ең қызықты өткен спорт түрінің бірі көкпар. Тақымы мықты, білегі күшті жігіттер сайысын көрермен қауым қызыға тамашалады. Әр команда жеңіс үшін барын салды. Көрерменнің де шабарманның да делебесін қоздырған бәсекелер қорытындысында үшінші орынды Зеленов, екінші орынды Бөрлі көкпаршылары еншілесе, спартакиада чемпионы атағын Жәнібек ауданының жігіттері жеңіп алды.

 Теңге алу, аударыспақ, жамбы ату

Ептілердің ептісі ғана ойнайтын теңге алушылар бәсекесі де қызықты өтті. Өңіріміздің барлық аудандарынан келген жігіттер бар өнерін көрсетті. Дегенмен қорытындысында үшінші орын алған Бөрлі, екінші орын алған Зеленов және бас жүлде иеленген Ақжайық ауданының жігіттерінің бабы келісіп тұрғанын дәлелдей алды. Ат үстінде отырып білек күшін сынасқан жігіттер де жеңісті қолдан бермеуге тырысты. Қызықты жарыстар нәтижесінде үшінші орынға Ақжайық, екінші орынға Бөрлі, бірінші орынға Зеленов спортшылары лайық деп танылды. Ал, жамбы атқан мергендер сайысына келер болсақ, бұл сында жәнібектік мергендер үшінші, зеленовтық садақшылар екінші орынға табан тіресе, Ақжайық ауданының намысын қорғаған спортшылар бірінші орынды иеленді.

 Қазақ күресі

«Ақбидай» ауыл спорты ойындарында көрермені де қатысушысы да көп болған спорт түрі қазақ күресі. Бірнеше салмақ дәрежесінде үздіктерді анықталған күрес бәсекесіне әр ауданнан тек мықты деген палуандар жиналғанды. Тек финалдық бәсекелер ғана емес, іріктеу сындары да қызыққа толы болды. Өліспей беріспеген палуандар сынының қорытындысында Қазталов спортшылары үздік үштікті қорытындыласа, екінші орынға Бөрлі палуандары табан тіреді. Ал бірінші орынды Сырым елінің жігіттерін қанжығаларына басты.

 Волейбол

Қыздар да ерлер де бақ сынай алған спорт түрі ол волейбол. Бірнеше күнге созылған әуе доп бәсекесінің атмосферасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әр ұпай үшін жанын сала ойнаған ауыл спортшылары волейболды жақсы меңгергендіктерін көрсете алды. Қызықты өткен ойындар қорытындысында ерлер волейболында Тасқала, Теректі және Ақжайық ойыншылары өзара жүлделі орындарды бөліссе, қыздар арасындағы сында Зеленов үшінші, Бөрлі екінші, Ақжайық ауданының арулары бірінші орынды иеленді.

 Тоғызқұмалақ, асық ату

Ой ұшқырлығын талап ететін тоғызқұмалақшылар сайысында сырымдық ұшқыр ойлы қыз жігіттер чемпион атанса, екінші және үшінші орынды Бөрлі мен Жаңақала спортшылары бөлісті. Ал асық ату спортына келрер болсақ, бұл жарыста Бөрлі спортшылары қарсыластарынан озық болды. Екінші орынды теректіліктер еншілесе, үздік үштікті Ақжайық ауданының спортшылары қорытындылады.

 Гір спорт, Қол күресі

Қолдары қарысқанша беріспеген қол күресі шеберлерінің тартысқа толы жарысында тасқалалық спортшылар үшінші орынға табан тіресе, бөрліліктер екінші орынды, қазталовтық спортшылар бірінші нәтиже көрсетті. Гір тасын бірінен бірі асыра көтерген спортшылар тартысында Шыңғырлау мен Жәнібек спортшыларының нәтижесін басып озған зеленовтықтар чемпион атанды.

 Жазғы президенттік көпсайыс

Бірнеше спорт түрін қамтыған жазғы президенттік көпсайыс бойынша өткен жарыс қатысушылары да өздерінің бабында екенін көрсете алды. Ақжайық спортшылары үшінші, Зеленов спортшылары екінші, Бөрлі ауданының намысын қорғаған қыз-жігіттер бірінші орын иеленді.

 Шағын футбол

Өңіріміздің барлық аудандарынан келген аяқ доп шеберлерінің сайысы да көрермен қауымның көңілінен шықты. Алдымен топтық кезең ойындары өтті. Ол бәсекелерден үздік шыққан 4 ұжым өзара финалға жолдаманы сарапқа салды. Қорытындысында үшінші орынды Жәнібек ауданының футболшылары қанжығасына байласа, чемпиондыққа таласты Теректі ауданы мен Зеленов ойыншылары жалғастырды. Қызықы өткен финалдық ойын нәтижесінде теректілік ойыншылар жеңімпаз атанды.

Аламанмен басталған ауыл спортшыларының байрақты бәсекесінің қорытындысында жалпыкомандалық ІІІ орынды Ақжайық ауданы, екінші орынды Зеленов спортшылары еншілесе, І орынды барлық спорт түрінен үздік нәтиже көрсете білген Бөрлі ауданының спортшылары иемденді.

Өңіріміздің барлық аудандарынан келген спортшылар бәсекесінің жабылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева мен Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров арнайы қатысты.

-Осы жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырған аудан басшылығына ризашылығым шексіз. Облыстық, республикалық деңгейде жарыстар өткізіп жүрміз. Ауданда өткен «Ақбидай» ойындарының ұйымдастырылуы солардан еш кем түскен жоқ. Барлық қатысушыларға да рахметтен басқа айтарым жоқ. Аталмыш доданың республикалық кезеңінде облыс спортшылары үлкен жетістікке жетеді деген сенімім мол. Зеленов ауданына қош бол айтып, келесі ауыл спорты ойындарында кездескенше,-деп Әсия Рахымқызы қатысушыларды төрт жылда бір келетін доданың аяқталуымен құттықтады. Одан соң Асхат Берлешұлы сөз алып, барлық командаларға алғысын жеткізді.

Енді жарыс жеңімпаздары мен үздік нәтиже көрсеткен спортшыларынан облыс құрамасы жасақталып, ауыл спорты ойындарының республикалық кезеңіне аттанады.

Түгелбай Бисен,

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале