2.03.2017, 18:35
Оқылды: 71

БҚО-да ардагер журналист Мәжит Жадановты соңғы сапарға шығарып салды

Бүгін Жаңақала жұртшылығы соғыс және еңбек ардагері, ел абызы Мәжит Жадановты соңғы сапарға шығарып салды. Аудандағы соғыстың соңғы сарбаздарының бірі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, "Құрмет" орденінің иегері Мәжит Ғұмарұлы халқына қалтқысыз қызмет етті.


Аудандық Мәдениет үйінде өткен қаралы жиында 93 жасқа қараған шағында өмірден өткен қайраткердің өмірбаянымен жиналғандарды аудан басшысы Лавр Хайретдинов таныстырса, кейіннен сөз алған еңбек ардагерлері Мүсір Айтасов, Әділғазы Нұрғалиев, Жайсаң Ақбай Мәжит ағамыз жөнінде орынды ойларын айтса, облыстық "Орал өңірі" газеті бас редакторының орынбасары Сырымбек Тұяқов "Жайық Пресс" ЖШС және баспасөз қызметкерлері атынан көңіл айтты.

Сондай-ақ, қаралы жиын барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Парламент депутаттары Р.Ахметов, Б.Әйтімова, Е.Мұқаев, Қ.Жақыпов, К.Абсатиров, А.Жамалов, Ш.Өтемісов, Б.Мәкен, С.Имашева, Қазталов ауданының әкімі Н.Бекқайыр, алматылық жерлестер академик Г.Хожин, кәсіпкер С.Бекқайыров, БҚО ардагерлер ұйымы төрағасы М.Мұхамбетовтердің аттарынан жолданған көңіл айту жеделхаттары оқылды.

Қаралы жиыннан соң елдің жүгін көтерген абыз баба шариғат жолымен жер қойнауына тапсырылды.

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале