13.10.2017, 14:15
Оқылды: 33

БҚО-да бос жатқан жерлердің электрондық картасы жасақталуда

 

БҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Қайыршиннің кәсіпкерлермен кездесуі Тасқала ауданынан бастау алды.

Әкімшілік кедергілер мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында өткен басқосуға  аудан прокуроры М.Изимов пен аудан әкімінің орынбасары А.Баяндықов және жеке кәсіпкерлер, мемлекеттік және құқық қорғау органдары мен даму институттарының өкілдері, бөлім басшылары  қатысты.

- Кәсіпкерлікті қорғау бойынша қаралған 6 өтініштің барлығы да оң шешімін тапты. Негізінен өтініштер жер қатынастары, лицензиялау процедуралары, тарифтерді қалыптастыру, сауда қызметі және т.б. мәселелер бойынша көп түседі. Жалпы шаруашылық субъектілерін нәтижеге жеткізудің тиімділігін қамтамасыз ету үшін бізде барлық шаралар қолданылады.

Сонымен қатар аудандық аурухананың басшылығымен бірге аудан орталығында кәсіпкерлермен кездесу өткізіліп, барлық ауылдық округтерге міндетті медициналық сақтандыру бағдарламалары мен рәсімдерін түсіндіру бойынша іс сапарлар ұйымдастырылды. ҚР заңнамасына енген түзетулерді түсіндіру үшін Төтенше жағдайлар департаменті, Әділет департаменті және Мемлекеттік кіріс қызметі өкілдерімен кездесулер өткізіледі,- деді БҚО кәсіпкерлер палатасының Тасқала аудандық филиалының директоры А.Жортабаев.

Одан әрі БҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Қайыршин алдағы уақытта қолға алынғалы отырған жұмыс жоспарларымен бөлісті.  –

Облыс әкімдігінің тікелей араласуымен бос жатқан жерлердің электрондық картасы жасақталуда. Кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету  мақсатында да жоспарлар бар, бұл орайда жер құжаттарын жасақтауда кездесетін қиындықтарды азайту көзделіп отыр. Оған қоса сауда-саттық үшін қажеттілікке жаратуға бос жатқан алаңдардың берілуі қарастырылуда. Бұл арнайы жасақталған комиссия мүшелерінің шешімімен белгіленіп, бір жыл көлеміндегі келісімшартқа негізделеді, - деді Нұрлан Серікұлы.

Сондай-ақ кәсіпкерлер қойған сұрақтарға мамандар тарапынан толық жауаптар беріліп, түсінбеушілік тудырып жүрген жағдайлар қарастырылды.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале