2.05.2018, 10:24
Оқылды: 67

БҚО-да футбол турнирінен түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалады

Зеленов ауданы орталығында футзалдан қайырымдылық турнирі өтті. Ауданның «Шаңырақ-Дос» әуесқой футбол командасының жетекшісі Нұрбек Жанғалиев ұйымдастырған турнирге Орал қаласы мен алыс-жақын аудандардан келген 12 команда қатысты.

Аты жаман ауруға шалдыққан Мүслім есімді баланың еміне қаражат жинау мақсатында өткен жарысты  тамашалауға  келген аудан әкімі Асхат Шахаров: - Бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік жоқ жерден бірлік пен ынтымақтықтың ауылы алыстайды. Ата-бабаларымыздан қалған асыл қасиеттерімізді жандандырып, тамаша турнир ұйымдастырған жастардың ісі жұртшылыққа үлгі болары анық. Халқымызда: -Он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жерде соқпақ қалады, ал мың адам жүрген жерде жол қалады,- деген сөз бар. Осылай  игілікті  жолды қалыптастыруда қолынан келгенше аянбай жүрген ақ жүрек азаматтарға айтар алғысымыз шексіз,-деп жарыс ұйымдастырушыларына ризашылығын білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Екі күнге созылған футзал мерекесінің алғашқы күні топтық кезең ойындары ойналды. Көрерменге қызықты ойын ұсынған командалар аянып қалмады. Турнир фавориттері саналған «Жасыл Ел», «Тасқала»  сынды танылған командаларға «Тасқала жамағаты», «Намыс» сияқты ұжымдар мықты қарсылық танытып жатты. Тіпті турнирдің алғашқы кезеңінде кішігірім сенсация да орын алды. Ол алаң иелері «Шаңырақ-Дос» командасының плэй офф кезеңіне өте алмай қалуы еді.

Осылайша, қызықты өткен ойындардың алғашқы күнгі қорытындысында «Агрореммаш», «Тасқала», «Сырым», «Қаратөбе», «Жасыл Ел» және «BTС west» командалары өз топтарында үздік шығып, жүлде таласындағы жолдарын жалғастыруға мүмкіндік алды.

DSC_0298Плэй офф кезеңіндегі ойындар да қызықты өтті. Алғаш болып алғаңға шыққан «Сырым» ауданы командасы мен «Агрореммаш» ұжымының ойыны қақпашылар тартысына айналды. Екі команда жан аямай шабуылдағанымен қақпа күзеткен сыралғы ойыншылар сыр бермеді. Көпшілік бұл ойында голдан тау тұрғызылады деп топшылағанымен ол ойлары теріске шықты. Матчта бар болғаны екі-ақ гол соғылды. Алғаш болып есепті «Агрореммаш» ашқанымен «Сырым» футболшылары тайм аяғында есепті теңестіріп, қосымша уақытта жеңіс голын соға алды. Осылайша Сырым елінің жігіттері жүлдеге бір табан жақындай түсті. Екінші болып жүлде таласына «Жасыл Ел» және «Тасқала» командалары түсті. Бұл ойын да көрерменнің делебесін қоздырды. Финалға бергісіз ойын көрсеткен ұжымдар аянып қалмады. Матч бойы ойын барысын өз бақылауларында ұстаған тасқалалық команда көп шабуылдағанымен гол соға алмады. Бірде сәттілік жетіспесе, енді бірде «Жасыл Ел» командасының қақпашысы Асан Бижанов тамаша сейвтерімен командасын құтқарып  жатты. Қақпашысының ерлігінен қанаттанған жасыл елдік ойыншылар қарымта шабуылдарын сәтті пайдаланып, есепте алға шықты. Тасқала ойыншылары есепті теңістіргенімен «Жасыл Ел» командасы өз мүмкіндігін тағы бір мәрте жақсы пайдаланып, жеңіске жете алды.1/4 финал ойындарын «Қаратөбе» мен «BTC west» командалары қорытындылады. Алма-кезек шабуылға ден қойған ұжымдар аянып қалмады. Өз мүмкіндіктерін сәтті пайдаланған қаратөбеліктер ойынның алғашқы минуттарында екі гол соғып алға шықты. Бірінші кезең түгесер шақта «BTC west» ойыншылары есепті қысқарта алды. Ал, екінші таймда Қаратөбе ойыншылары тағы екі  гол соғып есепті ұлғайтты. Оған, «BTC west»  бір-ақ голмен жауап қайырды. Ойын есебі 4-2 «Қаратөбе» футболшылары «Сырым» және «Жасыл Ел» командаларымен жүлде таласына түсуге мүмкіндік алды.

Финалдық кезең. Жүлдеге үш мықты ұжым таласады. Алғашқы ойында сырымдық футболшылар «Жасыл Ел» командасына 1-2 есебімен жол беріп, артынша «Қаратөбе» командасын ойынның соңғы минуттарында қапы қалдырды. Есеп 6-3. Кейін алаңға «Жасыл Ел» мен Қаратөбе командасы шықты. Жасыл елдіктерге жарыс жеңімпазы атану үшін тең ойын да жеткідікті еді. Бірақ, сырым футболшыларына ойсырай ұтылған қаратөбелік аяқдоп шеберлері намысқа тырысып, үш гол соғып кетті. Жасыл Ел оған екі голмен жауап қайырды. Қорытынды есеп 3-2 Қаратөбе жеңді.  Итшығыс болған финалдық кезеңнің қорытындысында доп айырмасымен алға шыққан Сырым елінің ойыншылары турнир жеңімпазы атанса, екінші орынға «Жасыл Ел», үшінші орынға «Қаратөбе» командасы орналасты.

Бұдан бөлек ұйымдастырушылар командаларын алға сүйреп, үздік ойын көрсеткен ойыншыларды да марапаттады. Атап айтар болсақ: жарыстың «Үздік қақпашысы» аталымында «Жасыл Ел» командасының ойыншысы Асан Бижанов жеңіске жетсе, «Үздік қорғаушы» аталымын қаратөбелік ойыншы Ернар Есенжанов, «Үздік шабуылшы» аталымын «Жасыл Елдің» тағы бір ойыншысы Жарас Нұрғалиев, ал «Үздік сұрмерген» аталымын сырымдық Самат Қанатов қанжығасына басты.

Жарыстан түскен 300 мыңнан астам қаражат Ресейдің Самара қаласында ем қабылдап жатқан Мүслім атты балақайдың есепшотына аударылады.

Адамгершілік пен қайырымдылық бар жерге бірлік те бақ та құмартары анық. Қаражаттарын аямай, турнирге келген әр командаға деген ризашылық шексіз.

 

Түгелбай Бисен,

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале