Батыс Қазақстан облысында толассыз жауған қар облыстың тас жолдары бойындағы автокөліктердің қозғалысына қиындықтар тудыруда.
Облыс аумағында 5 және 6 ақпан күндері қатты желдің салдарынан дауылдық ескерту жарияланды. Ескертулерді елеместен көптеген автокөліктер жолға шығып, жол бойында қар құрсауында қалып қойды.
Осылайша, 5 ақпан күні Ақжайық ауданының Есенсай ауылы маңында Орал-Атырау тас жолы бойында 12 автокөлік қар құрсауында қалды. Оқиға орнына оларды құтқару үшін БҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының Чапаев ауылында орналасқан құтқару бөлімшесінің 3 құтқарушысы мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімшесінің қызметкерлері барды.
4 автокөлік Чапаев ауылына жеткізілсе, құтқарушылар қалған көліктердің негізгі жолға шығуына көмектесті, кейін автокөліктер аман-есен көздеген жерлеріне өз бағыттарымен бет алды.
Авариялық-құтқару жұмыстары барысында 53 адам құтқарылды, оның 1-еуі сәби және 2-еуі мектеп жасына дейінгі балалар.
Сонымен қатар, бір мезгілде Шыңғырлау ауданының Лубенка ауылы маңында да құтқару жұмыстары жүргізілді. Онда, тас жолда 6 жолаушысы бар жеңіл көлік қар құрсауында қалған. Төтенше жағдай орын алған жерге БҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының 4 құтқарушысы КАМАЗ арнайы техникасымен барды. Қар құрсауында қалған автокөлік пен жолаушылары Шыңғырлау ауылына жеткізілді, зардап шеккендер жоқ.
Бекем Бекұлы
Ақжайық ауданы