18.01.2018, 18:46
Оқылды: 76

БҚО-да Қасым ақынның мүсіні орнатылды

 

Зеленов ауданында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тағы бір игі іс жүзеге асты. Осыдан 10 жыл бұрын аудан орталығынан ашылған Қасым Аманжолов атындағы мектептің ауласына ақынның ескерткіш мүсіні орнатылды.

Поэзия әлеміне Ақ Жайық топырағынан қанат қаққан, Шағанның бойында ізі қалған дауылпаз Қасым ақынның мүсіні Зеленов ауданы тарихында қазақ ақынына қойылған алғашқы мүсін.

Мүсіннің салтанатты ашылуына Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғ.Қапақов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Г.Құлжанова, мектептің алғашқы директоры, еңбек ардагері Г.Байғазиева, аталмыш мектепте қызмет еткен еңбек ардагерлері арнайы келді.

Шарада алғашқы сөз алған аудан әкімі Асхат Шахаров игі бастаманың жүзеге асуына үлес қосып, демеушілік жасаған кәсіпкер азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті.

– Бұл мектептің құрылысына, оның мемлекеттік тілде білім беретін мектеп ретінде ашылуына азаматтық үлес қосқан құрметті қонақтар ортамызда. Сол кезде ауданға басшылық жасаған Ғайса Хамидоллаұлы, әлеуметтік салаға жетекшілік жасаған әкім орынбасары Гүлназ Мағжанқызы, ашылған мектептің тиянақты қалыптасуына қызмет еткен алғашқы директоры Гүлнар Рахметоллақызына, осы мектепте ұстаздық қылған еңбек ардагерлеріне елдің айрықша ризашылығын білдіремін. Елбасының стратегиялық мақаласы аясында ақын ескерткішін орнату идеясын құп алған мүсіннің авторы Асқар Бақтығалиұлына алғысым шексіз. Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2007 жылы іргесі қаланып, 2008 жылдың қаңтарында ашылған мектепке Қасым ақынның аты берілуі тегін емес.  Қазақтың қайсар ұлы, дауылпаз ақыны бұ жалғанда небәрі 44 жыл ғана ғұмыр кешкенімен, оқырманға ой салып, рух-жігер берер жалын жырлары ел жадында мәңгілікке жатталып қалды, - деген аудан басшысы мектеп ұжымына табысты еңбек, ақынның өршіл өлеңдерін жаттап өсіп келе жатқан шәкірттерге жарқын болашақ тіледі.

Жергілікті демеушілердің 1,5 млн. қаражатына салынған, биіктігі 2,8 метр болатын ақын мүсінін ашу құрметі Ғ.Хамедоллаұлы мен Гүлнар Рахметоллақызына берілді. Одан әрі шараға қатысушылар мен қонақтар мектептегі әскери-даңқ мұражайын аралап, мектептің 10 көлемінде еңсерген жетістіктерін тамашалады. Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына орай мектептен ашылған «Парасат» достық клубына бас сұққан қонақтар ұлтаралық татулықты насихаттаған тың бастамаларға куә болды.

– Ұлттың салт-дәстүрін кеңінен насихаттап, ана тілімізді дәріптеу үшін ұлтжанды орта қалыптастыру қажет болды. Біз бұл мәселенің тек мемлекеттік тілде тәлім беретін мектеп ашу арқылы мүмкін екенін білдік. Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен ауданға екі мектеп салынатынын естігенде балаша қуандық. Қасым атындағы мектептің ұжымы ойлаған мүддеден шығып, талай іске бастамашы болды. Түлектері жоғары оқу орындарынан мамандық игеріп, елге оралуда. Бір қатары осы ұжымда қызметте жүр екен. Осынау ұрпақтар сабақтастығы жарасымды жалғасын тапсын, - деген Ғайса Хамедоллаұлы ақынын ардақтаған аудан халқына береке, бірлік тіледі.

Ашылған сәтінен бастап білім мен өнердің, спорт пен ғылыми жобалардың, патриоттық, қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылып жүрген мектеп оқушыларымен ұжымының жетістіктері бір төбе. Қонақтар назарына мектеп өмірінен сыр шертер бейнеролик ұсынылып, сахнадан Қасым ақын әндері шырқалды.

Н.ДҮЗБАТЫР

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале