26.04.2018, 12:01
Оқылды: 38

БҚО-да киіктердің әуе санағы жүргізіле бастады

 

IMG_979524 сәуірден бастап Орал аймағы, яғни Қазталов, Жәнібек, Жаңақала, Ақжайық, Тасқала, Бөкей орда аудандарында киіктердің санағы  басталды. Орал аймағы бойынша авиасанаққа 50 сағаттан бөлінген. Бұл туралы «Охотзоопром» МҚК» ӨБ Батыс өңірі бойынша филиал басшысы Дархан Саматов айтып өтті.

Қазір өңіріміздегі киіктер АН-2 ұшағымен әуеден саналып жатыр. Ұшақ базасы Қазталов ауылында орналасқан. Мамандар күніне  8-10 сағатқа дейін киіктерді әуеден бақылайды.

Әуеден бақылауға «Охотзоопром» МКҚ» ӨБ қызметкерлерімен қатар  «Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясының», «БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының» мамандары қатысуда.  Биылғы санақтың қорытындысы киіктер төлдеп болғаннан кейін белгілі болуы тиіс. Ал төлдеу мамыр айында басталады.

Жалпы, мамандар жылдан-жылға киік санының көбейіп келе жатқанын айтады. Қуантарлығы, биыл аймақтарда ақбөкендердің жаппай қырылып қалу дерегі тіркелген жоқ. Мысалы, өткен жылы аөбөкендердің саны Орал аймағы бойынша 96200-ге жеткен. Есесіне браконьерлік әрекеттер де жиілеп тұр. Мәселен, өткен 2017 жылы киікті заңсыз аулау бойынша 42 факт тіркелсе, биыл жыл басынан бері 20  киікті заңсыз аулау оқиғасы болған.

DSC_0188-Киіктің мүйізін сату арқылы оңай олжа тапқысы келетіндер көбейіп тұр. Оларға тосқауыл қою - баршамызға ортақ міндет. Қазіргі күнде 50 инспектор жол талғамайтын көліктермен киіктерді осы қаскөйлерден қорғауда, -дейді «Охотзоопром» МҚК» ӨБ Батыс өңірі бойынша филиал басшысы Дархан Талғатұлы.

Айта кетер жайт, 2002 жылы ақбөкендер Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген. Біздің елде де 2020 жылға дейін киікті аулап, атуға тыйым салынған.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале