26.01.2020, 20:50
Оқылды: 329

БҚО-да құсбегілердің республикалық турнирі аяқталды

24-26 қаңтар аралығында батыстың інжу-маржаны, Теректі ауданындағы Шалқар көлі жағасында, үзеңгілес қос батырдай иық тіресе жатқан Сасай мен Сантас таулары баурайында құсбегілер жиналып, "Жайық қыраны - 2020" республикалық турнирі өтті. 

20200126_202157-800x614

Теректінің төрінде алғаш рет, облыста осымен екінші мәрте өткізілген турнирге өзіміздің құс баптаған жерлестермен қатар Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының құсбегілері қатысты.
Үш күн бойы кең Шалқардың басына адам толды. Баптап әкелген құсын салып, қанжығасын қандауға асық құсбегілер, қазақтың бекзат өнерін тамашалауға ынтық болған көрермендер қызыққа тойды.
«Құстың алғанынан салғаны қызық» дегенмен, жәй саят-аңшылық емес, республикалық турнир болған соң, бабы мен бағы қатар шапқан жеңімпаздар анықталды.

20200126_202014-800x599
14 бүркітшінің ортасында Нұр-Сұлтаннан келген Серікбек Күнтуғанның атына заты сай Алғыры 50 ұпаймен жеңімпаз болды. Алматы облысынан келген Ғабит Таңатовтың Өткірі екі ұпайы кем болып, ІІ орынға бекіді. Маңғыстау облысының құсбегі Айшуақ Таймановты Ақбалағы жүлделі ІІІ орынға іліктірді.

20200126_202054-800x525
Ителгі баптап келген 8 саятшының ішінде Жұлдызбегін баптап, Алматы облысынан келген Қуаныш Исабековтың жұлдызы жоғары шықты. Атыраулық Арман Кушкаровтың Сомбалағы бір саты төмен орналасты. Маңғыстаудан ат арытып келген Айшуақ Таймановтың Ақбалағы бұл жерде де тұрақты ІІІ орыннан көрінді.

qusbegi (1)
Қаршыға баптаған құсбегілер арасында Сағыныш Баетбайдың (Алматы облысының) Көкжендеті көшбасшы. Артын ала Ерасыл Серікбекұлының Чипок деген қаршығасы жайғасты. Мұратбек Балтабековтың Ұшқыры «үздік үштікке» ілігіп, Батыс Қазақстан облысының қанжығасы да қанданды.

qusbegi (9)
Республикалық турнирді ұйымдастырушылар алқасы үш күнге созылған құсбегілер құрылтайына тік тұрып қызмет еткен Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов бастаған жұмыс тобына алғыс айтты.

Әділет Орынбасаров
Теректі ауданы

cуретке түсірген автор және Мейірбек Тажкуранов
zhaikpress.kz

qusbegi (2) qusbegi (3) qusbegi (4) qusbegi (6) qusbegi (7) qusbegi (8) qusbegi (10)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале