28.05.2019, 11:26
Оқылды: 291

БҚО-да «Отбасылық бизнес» бағдарламасының тұсауы кесілді

Тасқала ауданының орталығындағы «Жастар» стадионында құс шаруашылығын дамытуға байланысты ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, «Отбасылық бизнес» жобасы басталды.

 tasqala (6)

         Аталмыш шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов пен барлық аудан әкімдері арнайы қатысты. Жәрмеңкені ұйымдастырудағы мақсат – халықтың ауылдық жерлерде тұратынын ескере отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беру. Бұл бағытта еңбек етемін деген жандарға Үкімет тарапынан қолдау көрсетілуде. Соның бірі – Елбасының биылғы жылдан бастап іске асырылатын «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы аясындағы «Отбасылық бизнес» жобасы.

         Тасқалада аудан әкімі Алдияр Халеловтың бастамасымен құс шаруашылығын дамыту жұмыстары қолға алынып, көктемде жұмысын бастап кеткен болатын. Оларды қолжетімді бағамен халыққа жеткізіп беретін арнайы операторлар анықталып, сәуір айында жұмысына кірісті. Бүгінгі күнге 8 мың балапанды арзан бағамен тұрғындарға жеткізсе, жәрмеңкеде 9 мыңнан астам құс сатылды.

tasqala (4)

         Жиында сөйлеген Алтай Сейдірұлы Тасқала төрінде ұйымдастырылған жобаның басқа аудандарға да жұғысты болуын тіледі.

         – Елбасының «Мықты отбасы – мықты мемлекет» деген стратегиялық бағдарламасы бар. Соның аясында жылдар бойы қаншама жұмыс орны мен кәсіпорындар ашылды. Тасқала ауданының өзін мысал ретінде келтіретін болсақ, өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ресей шекарасына дейін кең жолақты 104 шақырым жол салынды. Қазіргі таңда аудан мен облыс орталығына қатынас жақсарды. Су мен газ бар. Өмір сүру сапасы деген осы. Ал ауданымыздың одан әрі дамуы үшін біз еңбек етуіміз керек. «Отбасылық бизнес» жобасы аз қамтылған отбасыларға қолдау болсын деген мақсатпен ашылып отыр. Елбасымыздың әлеуметтік қамқорлық бағдарламасы аясында шағын несие арқылы шағын кәсіпкерлікті дамытуға жағдай туғызу. Жобаның тұсаукесері Тасқала ауданында ұйымдастырылды. Енді барлық аудан әкімдері осы жоба аясында жұмыстану керек. Бұл несие жұмыссыз жүрген жандар мен өз кәсібін ашып еңбек етемін деген отбасыларға беріледі. Қазір несие алу үшін банкке барсаңыз, көп құжат немесе кепілдеме сұрайды. Ал кепілдікке ауылдағы үйлерді алмайды. Бір терезе қағидасымен әр ауданда орталық ашып, жеңілдетілген түрде несие беретін боламыз. Биыл облысқа 4 млрд. 200 млн. теңге қаражат бөлінді. Енді әр отбасы өз шамасына қарап, 1 млн. теңгеден бастап 8 млн. теңгеге дейін шағын несиеге қол жеткізе алады. Осыны пайдаланып әр отбасы құс өсіруді қолға алғаны жөн. Жаз бойы балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, оларды еңбекке баулыса, күзде өздері өсірген құстан екі есе табысқа қол жеткізетін болады. Сондықтан үкіметке қарап қол жаюды қойып, көрсетіліп жатқан көмекке қолдау білдіріп, өз бизнестерін дамытса, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Алтай Көлгінов.

tasqala (5)

         Салтанатты жиында аудан халқын құспен қамтып отырған «Нетказиев» шаруа қожалығының басшысы Ерлан Нетказиев пен жеке кәсіпкер Ізбасар Кенжеалиев тұрғындарды қолдау мақсатында аз қамтылған және көп балалы 60 отбасына 2000 балапанды сыйға тартты.

         Одан әрі облыс әкімі Алтай Сейдірұлы «Отбасылық бизнес» жобасы аясында құс шаруашылығын дамытуды қолға алып отырған Б.Айдынғали мен Ә.Айтмұқашевқа грант сертификатын табыс етті. Осы шарада киім тігу-пішу бойынша Р.Татаханова, шаштараз қызметін ұйымдастыруға Ә.Сұңғатова грант сертификатына ие болды. Тасқала ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан шежіндік Г.Айжарықова, аманкелділік В.Қойшығалиев, тасқалалық Б.Валиев, аудандық аурухананың кардиолог-дәрігері А.Бақтыгереева, ояндық Ж. Қойшыбаева мен «Арғымақ» шаруа қожалығының басшысы А.Ликеров, «Атамұра» шаруа қожалығының басшысы З.Сәрсенбаев пен «Жәңгір хан» шаруа қожалығының басшысы Ж.Альмурзин, жеке кәсіпкерлер М.Мұқтаров, Е.Ижмұқамбетов пен В. Пустобаев, ардагерлер Ж.Кадралиев пен С.Әжібаева, сондай-ақ жастар ресурстық орталығының басшысы Г.Бирниязова облыс әкімі А.Көлгіновтің алғыс хатымен марапатталды.

tasqala (2)

         «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарына арналған бағдарламасы шеңберінде «Ауыл шаруашылықты қаржылай қолдау» қоры БҚО филиалының директоры А.Арсланбаев «Сатиев» шаруа қожалығының басшысы Қ.Сатиев пен жеке кәсіпкер Қ.Аяповқа несие сертификатын табыстады.

Назгүл Серікқызы,

суретке түсірген Александр Куприенко,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

tasqala (1) tasqala (7)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале