28.04.2018, 9:45
Оқылды: 460

БҚО-да республикалық Қадыр оқулары өтті

IMG_9015Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығына арналған тұңғыш республикалық Қадыр оқулары өтті.

 Шараның құрметті қонақтары мен қатысушылары таңмен Сырым батырдың кесенесіне аялдады. Оларға осы жерден елдің дәмі ұсынылды. Меймандарды салтанатты қарсылау аудан орталығындағыақын Қадыр Мырза Әлидің ескерткішінің басында болды. Осы күні Қадыр оқуларының қатысушылары Алаш саябағының ауласындағы жаңа аллеяның алғашқы ағаштарын отырғызды.

І республикалық Қадыр оқуларының салтанатты ашылуына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, сол сияқты Қадыр Мырза Әли атындағы халықаралық қордың директоры, «Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор Донеділ Қажымов пен оның жары, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші-композитор Гүлнәр Дәукенова қатысты.

Айта кетейік, ақын оқуларына Астана және Алматы қаласының, одан бөлек Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарының және Сырым ауданының оқушылары қатысты. Олар түске дейін ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу, ақынның сөзіне жазылған әндерді орындау және ақынға арналған авторлық өлеңдер аталымдары бойынша сайысты. Әр аталым бойынша дербес қазылық құрам құрылған.

І республикалық Қадыр оқуларының гала--концерті түстен кейін аудандық мәдениет үйінде өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер сол жерде белгілі болды.

«Сөздің бәрі құдіретті...» атты ақын шығармаларын жатқа оқу бөлімінде бас жүлдегер болып Сырым ауданы, Сырым орта мектеп-балабақша кешенінің оқушысы Береке Орынбасар танылды. Береке Қадыр Мырза Әлидің 355 өлеңін жатқа біледі екен.

IMG_8895Осы бөлім бойынша Қызылорда облысының Қармақшы ауданынан келген №80 мектеп-гимназияның оқушысы Аружан Бегімбай І орын, түркістандық Нұртас Өтепберген мен ақтөбелік Әйтеке Тәжібай ІІ орын, ал Солтүстік Қазақстан облысының Ш.Уәлиханов ауданынан келген Ақтүйесай орта мектебінің оқушысы Карина Ашкенова, батысқазақстандық, Қазталов ауданындағы Есетов атындағы мектептің оқушысы Нұрдәулет Жандауов, Маңғыстау ауданынан келген Е.Айшуақұлы атындағы мектептің оқушысы Әзиза Түлейбай ІІІ орын алды.

І республикалық Қадыр оқулары байқауына белсенді қатысқаны үшін Қостанай облысы, Рудный қаласындағы №7 мектептің оқушысы Шұғыла Темірхан Батыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту басқармасының арнайы сыйлығына ие болды. Сыйлықты басқарма басшысы Айгүл Мыңбаева тапсырды.

Қадыр Мырза Әлидің сөздеріне жазылған әндерді орындау бөлімінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданындағы А.Оразбаева атындағы мектептің оқушысы Дінмұхаммед Нысан, Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылынан келген І.Жансүгіров мектебінің оқушысы Дәлелхан Сетерхан және сырымдық, Қ. Мырзалиев атындағы мектептің оқушысы Аруна Закина ІІІ орынды иеленді. Жүлделі ІІ орынның иегерлері болып астаналық Дильназ Балтабаева мен алматылық Қуаныш Нұржан танылса, Атырау облысының Индер ауданы, Махамбет атындағы мектептің оқушысы Жанболат Әміржанұлы І орынға ие болды.

Әншілер сайысының бас жүлдесін Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе гимназиясының оқушысы Інжу Садақбаева жеңіп алды. Гала-концертте «Сыған серенадасын» орындаған Інжудің ән орындау шеберлігіне тыңдарман қошеметпен көміп баға берді. Іріктеу сынында Інжудің әні қазыларды тебірентіпті.

Жеңімпаз әншіні Қадыр Мырза Әлі атындағы халықаралық қордың директоры, «Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор Донеділ Қажымов марапаттады. Осы сияқты қордың директоры ақын шығармашылығын насихаттаушы аудан мұғалімдеріне алғыс хат, ал біраз жыл Қ.Мырзалиев атындағы мектептің директоры болып қызмет атқарған қоғам белсендісі Гүлбақша Ерғалиеваға Қадыр Мырза Әли атындағы медальді табыс етті.

Ақынға өздерінің өлеңдерін арнаған жас ақындардың байқауы, байқаудан гөрі жыр кешіне көбірек ұқсады. Өлеңдерді алалап алу мүмкін болмай бара жатқасын, қазылар бұл бөлімнің үздігін анықтау үшін байқау шартына қосымша шарт қосты. «Ақберен» ақындар мектебінің жетекшісі, ақын Талап Таймасұлы әріптестерімен осылай кеңесіп, жас ақындар дайындаған өлеңін оқып болғаннан кейін, берілген тапсырма бойынша жаңа өлеңді тағы жазды.

IMG_9492«Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін...» атты Қадыр Мырза Әлиге арналған өз шығармаларын орындау бөлімінде сырымдық, Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша кешенінің оқушысы Ақбота Ширмедин бас жүлдегер атанды.

І орынды Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Ә.Молдағұлова атындағы мектептің оқушысы Серік Шәріпбек, ІІ орынды Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданынан келген Жаңажол мектебінің оқушысы Данагүл Аюпова пен ақтөбелік Айсұлтан Көпбергенов, ал ІІІ орында оралдық Әділ Ахметов, қызылордалық Әдемі Нұрқасым және маңғыстаулық Мәдиасқар Қанжарұлы бөлісті.

Ақын оқуларында өнерімен дараланып, өзінің шығармашылық қабілетін биік деңгейден көрсеткен Атырау облысы, Исатай ауданы, Х.Нәубетов атындағы мектептің оқушысы Айдана Мұсағали Сырым ауданы әкімінің арнайы жүлдесіне ие болды.

Қадырдың атын насихаттау жұмысы жыл сайын алға жылжып келе жатқаны рас. Күні кеше республикалық ономастикалық комиссия Орал қаласындағы №5 шағын ауданның атын Қадыр Мырза Әлидің атына беру жөнінде шешім шығарды. Бұл еңбек - Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы мен Қадыр атындағы халықаралық қорға ортақ еңбек. Қордың директоры Донеділ Қажымов кешегі сөзінде, Алматы облысының Әуезов ауданында, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында Қадыр оқулары өтетінін мәлімдеді. Осының бәрі, Қадыр ақынның елдің адамы, халықтың ақыны екенін дәлелдейді. І республикалық Қадыр оқуларының өзі осы ойымызды тағы арттыра түсіп тұр. Біздіңше, Қадыр оқуларының республикалық деңгейде өтуі, тек Сырым ауданындағы қадыртану жұмысының жарқын көрінісі ғана емес, ақын оқуларының ауқым жаюы - қазақ әдебиеті үшін де жақсы жаңалық болды.

IMG_9586- Қадыр ақын туралы айту бізге оңай, бір жағынан қиын да. Оңай дейтін себебіміз, біздер ақынды көрдік, елге келген сапарларында бірге болдық. Өз ауызынан сөзін естідік, ақынның замандастарымен де сұхбаттас бола алдық.

Ал қиындығы – Қадыр өлеңдерінің тереңдігінде. Қадырдың өлеңі, қазаққа қазақты таныстырды, адамның өзін сол адамның өзімен сөйлестірді. Ол өлеңдерінде өмірдік идеяларды жырлады. Қадырдың өлеңін түсіну арқылы, адам өмірді түсінеді.

IMG_9475Биыл Қадыр оқулары республикалық деңгейде бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл арқылы Сырым ауданы Қадыр шығармашылығын насихаттау ісінде жаңа биікті белгілей алды деп ойлаймыз, –деді газетке берген сұхбатында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев.

Қадыр оқуларының қатысушылары сайыстан бөлек уақыттарда аудан орталығындағы Алаш музейін, Қ. Мырзалиев мектебі мен ақын атындағы сыныпты тамашалап көрді. Ақын оқуларының негізгі ұйымдастырушысы Сырым ауданы әкімдігі әріптестігі үшін облыстық білім басқармасына алғыс білдіріп отыр.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале