29.06.2018, 17:51
Оқылды: 31

БҚО-да Сағат Әбдуғалиевке арналған мүшәйра қорытындыланды

IMG_4251Ақжайықта ақын Сағат Әбдуғалиевке арналған аймақтық-республикалық мүшәйраның қорытындысы жарияланды.

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы мен Ақжайық ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған мүшәйра қорытындысы С.Әбдуғалиевтің туған жері Тайпақ ауылдық округінде өтті. Шараға арнайы келген меймандар, жүлдегер ақындар, ауыл тұрғындары алдымен ауыл мешітінде ақын рухына құран бағыштады. Осындағы саябақта Сағат Әбдуғалиевтің кеудетұғырының ашылу салтанаты өтті. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының төрағасы Марат Қуанышәлиевтың жетекшілігімен жүзеге асқан жобаға ауыл азаматтары да демеушілік көрсетті.

Мүсінді белгілі шебер Дмитрий Баймұқашев жасаған. Ашылу салтанатында Тайпақ ауылдық округ әкімі Болат Шәленов, ақын Амангелді Шахин, Сағаттың жеңгесі Бақытханым Кәрімқызы сөз сөйлеп, айтулы шараға атсалысқан баршаға алғыс арнады.

Мәдениет үйінде жалғасқан жыр мерекесінде аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев құттықтау сөз сөйледі. Дүлдүл ақын Сағаттың шығармашылығын насихаттау, халық санасында жаңғырту хақында пікірімен бөліскен ол ақынның жары Сәуле ана мен жеңгесі Бақытханым Кәрімқызына аудан жұртшылығы атынан сый-сияпат табыстады. ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын Тілес Жазықбай ақын шығармашылығына шолу жасады. Сондай-ақ шараға арнайы келген ҚР Жазушылар одағының мүшесі Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, белгілі ақын Жанат Әскербекқызы жүрекжарды тілегін арнап, Сағатқа арнаған өлеңін оқыды. «Жастайымыздан Сағат ақынның жырларымен сусындадық. Қазақтың маңдайына сыймай кеткен біртуар ақынды ұлықтап жатқан ақжайықтықтарға мың алғыс. Артында жоқтаушысы бар ақын ешқашан өлмейді»,-деді ол.

IMG_4266«Кіндік жұрт – Қазақстаным» атты аймақтық-республикалық жыр мүшәйрасына Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан 28 үміткер қатысқан. Қорытынды шараға жүлдеге іліккен 8 ақын шақырылған болатын. ҚР Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлығының иегері, ақын Ғайсағали Сейтақ төрағалық еткен қазылар алқасының шешімі бойынша мүшәйраның Бас жүлдесіне (150 мың теңге) БҚО, Жаңақала ауданының ақыны Мәрлен Ғилымхан ие болды. І орынды (100 мың теңге) оралдық белгілі ақын Амангелді Шахин, ІІ орынды (75 мың теңге) Атырау облысы Индер ауданының ақыны Асылай Ниязбаева, ІІІ орынды (50 мың теңге) маңғыстаулық Жұмагүл Мұрсалова еншіледі. Сондай-ақ Ж.Молдағалиев атындағы жүлдемен маңғыстаулық Алтынбек Әлибаев, Х.Есенжанов атындағы жүлдемен БҚО Теректі ауданының ақыны Әділет Орынбасаров, С.Сейітов атындағы жүлдемен БҚО Жәнібек ауданынан қатысқан Назгүл Кәрімова, Х.Әбілов атындағы арнайы жүлдемен БҚО, Ақжайық ауданының ақыны Бекболат Қаленов (30 мың теңгеден) марапатталды.

Рахмет ҚАЛИ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрхат МАҒЗОМ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале