20.05.2019, 12:45
Оқылды: 81

БҚО-да Шәңгерей Бөкеевтің музейі ашылды

Бөкей ордасы ауданындағы облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының құрамы тағы да бір музеймен толықты. Ол музей тек құм Нарынға емес, күллі қазаққа танымал, тектінің тұяғы, ақын, аудармашы, «Қазақстан» газетінің шығаруға бастамашы болған Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Бөкеевке арналды.

IMG_8051 

– Батыс өңірі тарихта айшықты орны бар реформатор Жәңгірдің мекенімен белгілі. Оған келу, тұрған жерін көру, салған нуын, пайдаланған дүниелерін тамашалау күллі қазақ үшін киелі саналары хақ. Енді бүгін оның немересі Шәңгерей Бөкеевке арналған әдеби-мемориалдық музейдің ашылу салтанатына қатысып отырғанымызға қуаныштымыз. Ата ізін жалғап, елінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан ақын Шәңгерейдің суреттері мен жазбаларын дәріптеу, оған арнап музей ашу ол жастарымыз өз алдына, кеңестік дәуірінде өсіп, осындай зиялыларды білмей келген орта буын адамдарына жасалған зор көмек. Өйткені, өткеніңді білмей, ертеңіңді болжай алмайсың, - деді ҚР Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова музейдің ашылуында.

Аталмыш музей-қорықтың директоры Ғайса Махимов осы салтанатқа қатысып отырған Бірғаным Сарықызының әріптестері, қадірлі меймандар Бақытжан Жұмағұловқа, Сергей Ершовқа, Мұрат Бақтиярұлына, Сенаттың жауапты қызметкері Жазира Сұлтанқұловаға және ауылдың үлкен-кішісіне «қош келдің» айтып, Шәңгерей Бөкеевке қатысты құнды экспонаттарды тапсырған ауылдың азаматтары Елдос Сайфутдиновке, Тельман Құсайыновқа шынайы ризашылығын білдірді.

Хан Ордасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сисен Байзонов қорықты кеңейту, алғашқы мектепті, өртке орынған мешітті, тағы басқа тарихи құны бар ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарын билік басындағылардың қолдауымен жандандыруды ұсынды.

Ш.Бөкеев бес жасында жетім қалса да ағаларының қамқорлығы арқасында балалығы тауқыметсіз өткен. Өз шығармаларында айтқандай, «Алпыс бөлме, жүз есікті көк ордада» (Хан ставкасында) өсіп, «Ай белгілі ақ мешітте» (Ордадағы мешітте мұсылманша) білім, тәрбие алған Шәңгерей ата қонысы Көлборсыда атасының үлгісімен үй салып, мектеп, медресе ашып, мешіт те тұрғызған. Бөкей ордасының жүз жылдық мерейтойына орай Петерборға барған делегация құрамында барып, патшаның қолынан фотоаппаратты сыйға алған тұңғыш қазақ зиялысы. Оны алғашқы кәсіби фотограф деуге де болады. Иә, әдеби шығармаларымен бірге сол кезде түсірілген фотосуреттер көрмесі көпшілікті таңқалдырды.

Раушан Жанатқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале