26.12.2018, 18:02
Оқылды: 130

БҚО-да Хамха Есенжановтың 110 жылдығы аталып өтілді

Теректі ауданы Шалқар ауылдық округі Сарыөмір ауылында өткен тойда облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов құттықтау сөз сөйлеп, Хамза еңбегінің маңызы мен салмағы жөнінде айтты.

IMG_0049

         Біртуар жерлесіміз Хамза Есенжановтың туғанына 110 жыл толуына жиналған қонақтар қарасы да мол халық жазушы мүсініне гүл шоғын қойды. Мектеп ішіндегі жазушы мұражайында болды. Хамза атындағы мектеп оқушылары нар тұлға - Хамзаға арналған жыр-өлеңдер шумақтарын тебірене оқыды.
Салтанатты шара Мәдениет үйінде жалғасты. Осы ғимаратта Хамза Есенжанов шығармашылығының көрмесімен таныстырып, арнайы жасақталған кабинеті ашылды. Жиынға арнайы келген Х.Есенжановтың тумасы Балғаным Какимова жазушының өмірі, азаматтық келбеті жайлы естелігімен бөлісті.

         17 жылын қуғында жүріп, қиындық көрген жазушының өмірінен сыр шертетін «Суық Сібірдің сызы» қойылымы жалғыз Хамзаның басындағы жағдайды бейнелеу арқылы 37-ші жылдары халық басына туған зобалаң-нәубетті көрсетті. Қойылым авторы – Хамза өмірі мен шығармашылығын зерттеп, ізденіп жүрген Сайлау Сүлейменов, серіктесі Нұрлан Сәдір. Сахналаған – Хадиша Бөкеева атындағы драма театрының бас режиссері және актеры - Самал Абуов. Теректінің тумасы, Мәдениет саласының үздігі, театр қайраткерлері одағының мүшесі, актриса Эльмира Мақашева бастаған, аудандағы  «Дат» халықтық театрының актерлері толықтырған шығармашылық топ халық ықыласына бөленді.
Мерейтойдың ең қызықты сәті - облыстық ақындар айтысы болды.

         Осы тойға сақадай сай келген 5 жұпқа Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, айтыс ақыны Шолпан Қыдырниязова, айтыс ақыны Дариға Мұштанова, халықаралық, республикалық айтыстардың жеңімпазы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Халиолла, «Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, облыстық халық шығармашылығы үйінің директоры Мәулет Жұбатов қазылық жасады.

         Жаңақаладан келген Орынбек Меңдіқұл мен ақжайықтық Бекболат Қаленов айтысты бастап берді. Екінші жұпта бөрлінің Жарқынбек Шынтаевы мен теректілік Эльдар Ихсанов түсті. Талғат Мықи - Мақсат Тұяқ жұбынан соң ең жас айтыскер, қаратөбелік Райымбек Өтепов пен Маңғыстаудан келіп, жоғары білім алып жүрген студент Алшынбек Мұқанғалиев тыңдарманын дүрілдетті. Соңғы жұп – сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен ақжайықтық Айнабек Бисенғалиевтің сөз саптауы халықтың көңілінен шықты.

         Айтыс арқауы 110 жылдығы тойланып жатқан Хамза Есенжанов пен Теректі ауданының жеңіс-жетістіктері жөнінде өрбіді.

         Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде жас та талапты Райымбек Өтеповке берілді. І орын сырымның азулысы Бауыржан Ширмединұлына, ІІ орын маңғыстаудың арқалысы Алшынбек Мұқанғалиевке бұйырды. ІІІ орын  Бекболат Қаленовтың қанжығасында. Даңқты жазушының көзін көрген Иманбай Әбекешов әулетінің арнайы жүлдесін Мақсат Тұяқ еншіледі. Аламанға түскен барлық айтыскерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

IMG_0062 IMG_0090 IMG_0197

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале