22.10.2018, 12:07
Оқылды: 62

БҚО-да жалпыхалықтық диктант жазу іс-шарасы өтпек

Тасқалада латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиеваның басшылығымен өткен семинар-жиынға БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Мыңбаева, филология ғылымдарының кандидаттары Қ.Аронов пен А.Абдульманов арнайы қатысты.

tasqala til (2)

                                                                             

Көпшілік алдында сөз алған Айгүл Әділгерейқызы іссапар мақсатын айтып өтті.

-Жалпы халық арасында қызу талқыға түскен латын әліпбиіне көшу мәселесі бүгінде біртіндеп өз арнасына түсіп келеді. Қазір арнайы латын қарпіне негізделген қазақ әліппесі жасалды. Ғаламтор көмегіне сүйенсеңіз үйренудің бірнеше әдісін көріп, тіпті де қиын емесін түсінесіз. Облыстық «Орал өңірі», республикалық «Егемен Қазақстан» газеттерінде жаңа графикамен жазылған мақалалар шығып та жүр. Жалпы латын графикасына көшу белгілі кезеңдерге бөлінген. Мысалы 2021-2023 жылдары халықтың жеке куәлігі мен өзге де құжаттары латын әліпбиіне ауысатын болады. Ал 2019 жылы мектепке дейінгі даярлық тобы алғаш болып латын әліпбиінде сабақ алатын болса, 2020 жылы бірінші сыныпқа қадам басқандар да жаңа әліппемен оқиды. Осы кезеңдерді өте отырып 2025 жылға дейін латын әліппесіне толықтай көшіп болуымыз керек. Ең соңғы кезең 2023-2025 жылдары мемлекеттік басқару органдарында жүргізілетін іс-қағаздар жұмысы, бұқаралық ақпарат құралдары мен басылымдары жаңа әліппеге ауысып, өзге де жоспарлар жалғасын таба береді,- деді басқарма басшысы.

         Сондай-ақ Қ.Аронов латын әліпбиінің жаңғыру мен жаһанданудың алғышарттары екенін тілге тиек етті.

         -Егемендігіміздің белгісі де осында, жаңа іс қолға алынып жатқанда халық пікірі сұралды. Халықтың келіспеушілік танытқанына байланысты латын әліппесі үш рет өзгертіліп, қайта жасалды. Біртіңдеп оқулықтар ауыса бастап, қазір көпшілік еркін жаза алатын дәрежеге жетті. Бұл бір күннің ішінде шешілген сұрақ емес. Заманға байланысты аталмыш әліппені қабылдау еліміздің ертеңі үшін қажет,- деді.

tasqala til (1)

         Ал А.Абдульманов жиналғандарға қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерін түсіндірді.

         -Бір жағынан аталмыш әліпби жеңіл көрінгенмен, ондағы ерекшеліктерді ескерген жөн. Қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан, кейбір сөздердің айтылуы мен жазылуында өзгешеліктер көп. Алайда сөздің айтылуы оның жазылуына біршама жақын болу керек. Қазір ғалымдар арнайы жұмыстар жүргізіп жатыр,- деді.

         Сондай-ақ қонақтар 14 қараша жалпыхалықтық диктант жазу күні болатынын еске салды. Олардың айтуынша, диктант жазу тұрғындардың білімін бағалау емес, әліпбидегі байқалмай жүрген мәселелерді шешу мақсатында өткізіледі.

Әсемгүл СЕРІКҚАЛИҚЫЗЫ,

Тасқала ауданы 

zhaikpress.kz 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале