7.11.2017, 17:27
Оқылды: 23

БҚО-да Жаңақала су құбыры құрылысына 2,5 млрд. теңге бөлінген

5555Биыл Жаңақала топтық су құбырын тартуға 2 млрд 533 млн теңге бөлініп, қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин мәлім етті.

Оның айтуынша, аудан бойынша күні бүгін орталықтандырылған ауыз сумен тұрғындардың 42,5 пайызы (10332 адам) қамтылған. Ал топтық су құбыры іске қосылған кезде бұл көрсеткіш 79,1 пайызға (19210 адам) жетпек. Биыл «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Пятимар, Бірлік, Мәстексай, Мұқыр ауылдарына су құбыры тартылуда (жобаның жалпы құны - 1245,0 млн теңге, бөлінгені - 1119,5 млн теңге).

Сонымен қатар Жуалыой, Мұқыр, Сарыкөл, Жангелді елді мекендерін табиғи газбен қамту үшін жобалық құны 184,0 млн теңге тұратын газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Аталған төрт ауыл табиғи газға қосылғанда, бұл көрсеткіш 93,9 пайызға (22820 адам) жетпек, қазір - 87,1 пайыз (20162 адам).

Сол секілді Чапаев-Жаңақала-Сайқын автокөлік жолының 52 шақырымын жөндеуге 2 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Мұның сыртында Жаңақала ауылындағы көше жолдарының 5,7 шақырымын орташа жөндеуге 174,342 млн теңге қаралып, жұмыстар жүргізілуде. Айта кетейік, биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша аудан бюджетіне 3 млрд 383 млн 510,1 мың теңге салықтар мен түсімдер, 2 млрд 761 млн 515,0 мың теңге көлемінде субвенциялар мен трансферттер түскен. Аудандық бюджеттің тоғыз айдағы кірістер жоспары 105 пайызға орындалып отыр.

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале