4.06.2018, 11:36
Оқылды: 30

Бөкей Ордасы ауданында гендерлік теңдік тақырыбында кеңес өтті

Бөкей Ордасы ауданында «Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдіктің қалыптасуы мен даму ерекшеліктері» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Семинар барысында еліміз бойынша гендерлік саясаттың қалыптасуы, отбасындағы әйелдер мен ерлердің теңдігі және тұрмыстық зорлық- зомбылықты болдырмау, оның алдын алу мәселелері қаралды.

Баяндама жасаған «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қадиша Халыққызы отбасы институтын нығайтып, рухани және адамгершілік құндылықтарды жоғалтып алмай, келешек ұрпақтың бойына сіңірудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ қыз-келіншектердің саясатқа араласуы мен мансаптық тұрғыдан көтерілуіне мүмкіндік барын, алайда, гендерлік саясат тұжырымдамасын ұлттық дәстүрімізден бөле-жара қарастыруға болмайтынын айтты.

Өз кезегінде әйелдерге арналған дағдарыс орталығының директоры Ганди Ізтұрғанқызы «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» нәзік жандылардың қоғамдағы рөлін айқындап, ұлт пен ұрпақтың тағдыры әйелдерге байланысты екенін терең ұғынудың маңыздылығын атап көрсетті. Өкінішке қарай, Қазақстан бойынша жылына 400-500 әйел жәбір көрсе, соның 70 пайыздайы ерінің не отбасы мүшелерінің тарапынан қысымға ұшырайтын көрінеді. Сондықтан аталмыш мәселенің өзектілігіне баса мән беріліп, зорлық-зомбылық көріністерін жою һәм онымен күресу жолдары күн тәртібінен түспейтіні тілге тиек етілді. Аудан бойынша әйелдерге психологиялық көмек беру мақсатында орталықтар ашу жөнінде де ұсыныс білдірілді.

Ішкі істер департаментінің полиция майоры Шынар Даттыбайқызы да тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу құқық қызметкерлерінің назарынан тыс қалмайтынын жеткізді. «Тұрмыстағы зорлық зомбылыққа қарсы тұру туралы» заң қабылданғаннан бері жүйелі жұмыстар атқарылып, отбасындағы кикілжіңнің ауыр түрлері анағұрлым азайғаны да айтылды.

Ал халықтың қаржылық сауаттылығы деңгейін арттыру мен отбасылық бюджетті басқарудың қыр-сыры жөнінде қаржыгер сарапшы Ғалия Сатыбалдина кең түсінік берді. Банк қызметін қолдана білу, тіпті, ұсақ-түйек несие алғанның өзінде қаржылық операциялар мен өз құқығыңды білу жайын алға тартып, құнды кеңестерімен бөлісті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар өзге де ой-пікірлерін ортаға тастап, кейбір сауалдарына тұшымды жауап та алды. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева қорытындылап, жиналғандардың таным көкжиегін кеңейткені үшін келген қонақтарға рахмет айтты.

Арайлым ӘЖІҒАЛИЕВА

Бөкей ордасы ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале