17.10.2018, 18:30
Оқылды: 27

Бөкей ордасы әкімі жастармен жүздесті

Бөкей ордасындағы М-С. Бабажанов атындағы мектепте аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов жас мамандармен кездесті. Ашық әңгіме алаңына аудан әкіміне белсенді жастар тікелей сұрақ қоюға мүмкіндік алды.

IMG_6520аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Исатай Құрмашев сөйлеп, жастарға көкейде жүрген сұрақтарын іркілмей қойып, еркін ой бөлісуге шақырып, сөз кезегін Нұрлан Рахымжановқа ұсынды.

– Аудан тұрғындарының 25 пайызын жастар құрайды. Ел еңсесін еселеу жолында аянбай қызмет қылу басты міндеттерің болуы тиіс. Сіздер ұсынған идеялар мен жобаларды әр кез қолдаймыз, – деген Нұрлан Сағынтайұлы жастардың сауалына жауап беруге дайын екендігін айтты.

Бөрлілік жас кәсіпкер Игілік Садықов биыл қой сатып алып, көбейтпек ниетте екенін, жеке жері болмағандықтан шаруашылығын ойдағыдай жүргізе алмайтынын жеткізді. Шаруасын жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін жер телімін рәсімдеу бағытында конкурс талаптарын жұмсартуға қатысты шаралар алынса деген ниетін білдірді. Сондай-ақ ауыл ішіне саябақтың қажеттігін де тілге тиек етті. Аудандық саз мектебінің мұғалімі Ермек Шәрипов құс шаруашылығын қолға алу үшін қандай жеңілдіктер қарастырылғанын білгісі келді. Аудандық тарихи музей-кешенінің ғылыми қызметкері Жангелді Төлешев болса кей мамандық иелеріне «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша үй ала алмайтынын алға тартты. Ашық әңгіме алаңында спорт орталықтарын ашу жөнінде, жастардың  ауылшаруашылығына көңіл бөлу, әсіресе, төрт түлікті өрістетуге деген ынтасын артыру керек деген ой-пікірлер де айтылды. Аудан әкімі әр жастың сауалын мұқият тыңдап, тұшымды жауап қайтарды.

Арайлым МАРАТҚЫЗЫ,

Бөкей ордасы ауданы,

zhaikpress.kz

IMG_6516

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале