8-707-808-48-55
Бөкей Ордасы ауданында «Жер туралы» заң талқыланды

 

Жерді иелену, игеру мәселесі адамзат өсіп-өніп, көбейіп, дами бастағаннан-ақ туындаған. Әр қоғамда да әркім шұрайлы, қазба байлығы мол аймақты меншіктенгісі келген. Мемлекет заң шығарып реттемесе, ел ішінде дау-дамай тууы хақ. Қабылданған заңдардың өзіне өзгерістер енгізіліп, толықтырулар жасалуы да заман талабы. Ауданымызға іссапармен келген облыстық жер қатынастар басқармасы басшысы Әлия Мұхамбетжанова мен жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бас маманы Гүлмира Сейфуллина әкімдіктің кіші залында жерге қатысты сала басшылары, әкім, әкім орынбасары және аппарат қызметкерлерімен кездесіп, биылғы жылдың мамыр айында күшіне енген «Жер туралы» заңмен таныстырды. Дөңгелек үстел, сұрақ-жауап түрінде өткен бұл шараны аудан әкімі Н.Рахымжанов ашып, жүргізіп отырды.

Сұрақ, әрине, қарша борады. Үкімет тарапынан салынып жатқан құрылыстар өз алдына, заңды, жеке тұлғалар да тұрғын үй, гараж, дүкен, цех, т.б. нысан тұрғызғысы келсе, ауыл шаруашылығындағылар да өріс пен шабындықты кеңейту үшін жер сұрайды. Кейде талас туындайды. Соңғы ереже кәсібін жаңа бастағандардың аукционға шығарылған жер телімдеріне қол жеткізуіне кедергіні көбейтті. Осы және басқа да жерге қатысты мәселелер ауданымыздың құрылыс және сәулет бөлімі басшысы Қ.Жаңғалиев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Б.Насимоллин, мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы М.Таңатов, жер қатынастары бөлімі басшысы Р.Карин, кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы директоры Б.Жұмағұлова, Сайқын ауылдық округі әкімі М.Аққалиевтер тарапынан қозғалса, аудан әкімі Нұрлан Сағынтайұлы да пікір білдіріп, біраз сауал тастады. Оларға барынша жауап қайтарған Әлия Бегазықызы мен Гүлмира Меубекқызы заңның кейбір түйіні қиын тұстарын нақтылау жөнінде жоғары жаққа құлаққағыс жасалғанын, жергілікті жердің де, әсіресе, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер одағы тарапынан да тиісті орындарға хат жолданса артық болмайтынын жеткізді.

Шараны аудан әкімі қорытындылап, қонақтарға рахмет айтты.

Каримолла ҒАЙСИН

Бөкей ордасы ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар Басқа да жаңалықтар
Пікір қалдыру