20.05.2019, 15:30
Оқылды: 68

Бөкей ордасына сенаторлар барды

ҚР Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова бастаған топ Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылына келді. Құрамында ҚР Парламент Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Мұрат Бақтиярұлы, Сергей Ершов, Сенаттың жауапты қызметкері Жазира Сұлтанқұлова бар. Меймандар дәстүр бойынша хан Жәңгір, дәулескер күйші Дәулеткерей және ғалым Мұхаммед-Салық Бабажанов кесенелеріне тәу етіп, бабалар тағдырынан мәлімет алды.

IMG_7997

Астаналық қонақтар Нантай Ахметовтың шаруашылығына ат басын бұрды. Нантай аға – Ойсылқара мен Қамбар ата төлдерімен өрісін толтырып отырған іргелі шаруа қожайыны. Кейін Орда орман шаруашылығы және жануарларды қорғау мекемесінде болып, ондағы қорық жұмысымен да танысты.

Депутаттар шаруашылықтар мен мекемелердегі еңбек қатынасына қатысты түйткілді мәселелері бойынша шаруашылық жетекшілеріне, мекеме басшыларына сауалдарын қойып, ұсыныс жинады.

– Ауылдың іргесінде тұрып қой басын 1500-ге жеткізген едім. Оны бағатын жұмысшы таба алмай, мал басын азайтуға тура келді. Жұмыссыздар тізімінде тұрғанмен қазіргілер малдың соңында жүріп, нан табуды қиынсынады. Кабинетте, көлеңкеде отыруды қалайды. Енді түйе мен жылқыны өсірудемін. Онда да мәселе туындап тұр. Оларды сауатын жан жоқ. Түйе сауса, 100 мың төлеуге де дайынмын,-деді «Айхан» шаруа қожалығының жетекшісі Нантай Ахметов. Лизингке алған техникаларын да көрсеткен шаруашылық иесі, мемлекеттен көрсетілетін төмен пайызды несиенің де несібесін көріп отырғанын, субсидиядан да құр алақан еместігін жасырмады.

«Береке» шаруа қожалығының жетекшісі Еркін Жабасов аудан көлемінде еңбек инспекторы болса деген ұсынысын жеткізді. Оның айтуынша, жұмысшылардың жауапкершілігін арттыратын заңды бір тетік қажет. Тиісінше оны орындайтын адам да болуы тиіс. Жұмысшы және жұмыс беруші арасында екеуара келісім болғанымен, мал жоғалса, көбіне жетекшілер шығынға ұшырайды. Ал мал бағатын адам оны өтемейді. Ауылдың адамы деп кешіре салатындар да жетерлік. Сондықтан барлығына міндетті айыппұлдар белгіленіп, бақташы да өз жауапкершілігін заң жүзінде сезінсе, еңбек қатынасы бір жүйеге түсер еді,- деген пікірін жеткізді.

Меймандар Орда орман шаруашылығы және жануарлар қорғау мекемесінде өндірілетін ағаш бұйымдарын, құрылыс материалдарын көріп, орманның алқабын жыл сайын жаңғыртып отыруға арналған қорықты аралады. Ондағы жеміс ағаштарымен қатар шырша, қарағай, тағы да басқа көшеттердің күтіміне қанық болды. Жыл сайын жазғы маусымда көшеттерді «Жасыл ел» жасақтары баптап өсіретінінен де хабардар болды.

Раушан Бақытова,

Бөкей ордасы ауданы,

zhaikpress.kz

IMG_8004

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале