29.10.2019, 11:06
Оқылды: 128

Бөкей ордасында 15 іс медиациямен шешілген

Бөкей ордасы ауданында БҚО сотының судьясы Махамбет Бақтығұловтың қатысуымен ашық есік күні өткізілді.

Алдымен аудандық сот төрайымы Гүлжихан Сағитова тоғыз айда атқарылған істерге тоқталды.

 – 2019 жыл сот төрелігі сапасын арттыру жылы боп танылғаны жақсы мәлім. Осы бағыт бойынша ауданда жүйелі жұмыстар қолға алынып келеді. Тоғыз айда азаматтық іс бойынша 97 талап-арыз түссе, оның 28-і тараптардың татуласуына байланысты қысқартылды. 15 іс медиация, 13 іс татуласу келісіміне сай шешілді, - деген Гүлжихан Сағитова әкімшілік істер бойынша да түйіні тарқатылған істерді тілге тиек етті.

Сондай-ақ ол сотқа келіп түскен шағым, өтініштер «Сот кабинеті» сервисі арқылы қабылдау үрдісінің жолға қойылғанын, іс-қағаздарын электронды түрде жүргізіп, рәсімдеудің «Төрелік» атты жаңа бағдарламасының, халықта құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениетін арттыру бағытын көздейтін «Заңгер» қызмет түрінің қосылғанын, сот залы қазіргі заманға сай сапалы аудио-бейнежазба жүргізуге арналған техникалармен жабдықталғанын айтты.

sot (2)

Өз кезегінде облыстық сот судьясы Махамбет Бақтығұлов Бөкей ордасы аудандық сотының жұмысын оң бағалап, жемқорлықтың алдын алу және болдырмау бағытындағы жүйелі істерін үлгі етіп, еліміздің сот жүйесіне енгізілген өзгерістер мен жаңашылдықтарға, сот жүйесіндегі жұмыстарды оңтайландыру бағытындағы шараларға тоқталды. Мәселен, «Смарт сот» арқылы онлайн іс жүргізу сот төрелігін жүзеге асырудағы аумақтық кедергілерді жоюмен қатар, уақыт пен материалдық ресурстарды үнемдейді дейді. «Сот жүйесінің 7 түйіні» жобасы негізінде қолданысқа енгізілген «Түнгі сот» жүйесі арқылы дауды шешуге келген тараптар кешкі 18.30 бен 22.00 аралығында сот отырысына қатысуға мүмкіндігі барын айтты.

Аудандық билер кеңесінің мүшесі Кәримолла Ғайсин, кәсіби емес медиатор Гүлжан Бисекеновалар да отбасындағы дау-жанжал, берешектерді өндіру тағы басқа әлеуметтік мәселелер төңірегінде атқарылған істерін баяндады.

Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов әділдікті ту етіп, заң шеңберінен ауытқымай, төрелігін дөп айтқан сот бар да халықтың да сенімі жоғарылап, нығая түседі деп шараны түйіндеді

Арайлым Есмағұл

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале