9.10.2018, 17:36
Оқылды: 44

Бөкей ордасында 626 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған

Бөкей ордасы аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде жеті бірдей мәселе қаралып, бірнеше түйткілді мәселе назарға алынды.

IMG-20181009-WA0025

Таратып айтсақ, аудан бюджетіне толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, осы жылдың тоғыз айындағы қылмыстық ахуал зерделеніп,  мектепке дейінгі балалардың балабақшамен қамтылуы мен кәсіптік білім беру мәселесі қаралды. Бұдан басқа да сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша атқарылған жұмыстар мен аудан әкімдігінің кейбір қаулыларының жобасы талқыға салынды.

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Раушан Абдуллина аудан бюджетінің игерілуі барысын баян етті. Баяндамашы жаңартылған білім беру мазмұнына көшуіне байланысты мұғалімдер алдында қалыптасқан кредиторлық берешектерді өтеу, жалақыны ішінара субсидиялаудағы қаржыны үстемелеу, Қарасу, Жәрмеңке, Мұратсай ауылдарында су құбыры құрылысы мен Сайқын ауылындағы бас жоспарға сәйкес 16 екі пәтерлі екі бөлмелі жеке тұрғын үйдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысына қажетті қаржы мөлшерін өзгеріту қажеттілігін ортаға салды.

Аудан бойынша жұмыс жасайтын 16 мектепке дейінгі мекемеде 722 бала тәрбиеленуде. Мектеп жасына дейінгі балалар түгелдей балабақшамен қамтамасыз етілген.

Айта кетерлігі, 16 мекеменің ішінде компьютер, проектор-экрандармен, бала қабілетін дамыту бағыттағы компьютерлік ойындармен қамтамасыз етілгені аудан орталығындағы «Ер Төстік» балабақшасы екен. Қалған ауыл балабақшалары әзірше теледидар мен интернет желісін ғана қанағат тұтып отыр.

– Балабақша кезегінде тұрған бала жоқ. Балаларды кезекке алуды оңтайландыру мақсатында жеке кәсіпкерлік «IT Group Kazakhstаn» келісімшарты жасалды. Бұл әзірше «Ер Төстік» және «Ақбота» бөбекжайларына кезекке тұратындарға ғана қолжетімді боп тұр. Бұл жүйенің тиімділігі – азаматтар үйде отырып-ақ ғаламтор арқылы мектепке дейінгі мекемеге кезекке тұра алады, - деді баяндамашы аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Нұрсұлу Салимова.

АІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Ізімбек Хайруллин айтуынша, тоғыз айда 626 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталған. Соның ішінде 349 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 3 162 577 теңге айыппұл салынып, 265 материал бойынша 2 486 772 теңге өндірілді. Ал жол полициясы 42 әкімшілік хаттама толтырып,  204 425 теңге мөлшерінде айыппұл салынған, осы айыппұл сомасы түгелдей өндіріліп алынған.

Бүгінгі таңда Бөкей ордасы колледжінде 133 оқушы кәсіптік білім алуда. Соңғы төрт жыл ішінде 30 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, компьютерлік сыныптар мен алты бірдей шеберхана ашылып, колледждің материалдық базасы біршама жақсарып қалған.

– Заман талабына сай колледждің білім жүйесіне дуальды оқыту, модульдік технология енгізілген. Биыл оқу жылынан бастап, колледж түлегі бірден екі-үш мамандықты қатар игеріп шығады. Оқушыларға шәкірт ақы, жолақы төленеді, ауылдан келіп оқитындар жатақханамен, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген, - дейді колледж директоры Бағдат Лұқпанов.

    Қоғамдық кеңес отырысында бұдан да басқа аудан халқының әлеуметтік жағдайына қатысты түйткілді мәселелер тақырыпқа арқау болды.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале