9.11.2018, 18:33
Оқылды: 30

Бөкей ордасында әйелдер форумы өтті

Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқын ауылында «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудандық V әйелдер форумы  «Әйел әлемі - әдемі әлем» атпен өтті.

Форум аясында сұлулық шеберлері қыз-келіншектерге  шаш үлгісін жасау, бет әрлеу сияқты қызметтерді тегін көрсетіп, үйренемін деушілерге шеберлік сағатын өткізді. Сондай-ақ, «Тәтті жәрмеңкесі» де көптің көңілінен шықты.  Әр мекеме ұжымдары әзірлеп әкелген тәтті бәліштердің түр-түрін ауыл тұрғындары ерекше ықыласпен сатып алды.

-Бүгінгі әйел - отбасының ұйытқысы, адал жар, перзентіне аяулы ана болуымен бірге қоғамда болып жатқан барлық әлеуметтік, саяси, экономикалық және мәдени процестерге белсенді қатысушы. Аудандағы  16226 адамның  8034-і әйелдер. Шағын және орта бизнес саласында 929 кәсіпкер болса, соның  285-і нәзік жандылар. Аудандағы 63 мекеменің 15-сін   азаматшалар басқаруда.  «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы  құрамындағы 1497 адамның 887-сі, 232 мемлекеттік қызметкердің  89-ы, 282 ақ халаттылардың 250-і, 178 мәдениет қызметкерінің 107-сі, білім саласындағы 1184 жанның 955-і  қыз-келіншектер, - деді аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева.

“Атамекен” кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлова әйелдердің жеке кәсіппен айналысуын қолдау, мүмкіндіктерін кеңейту туралы әңгімелесе, Саралжын ауылдық округі аналар кеңесінің  атқарып жатқан жұмыстарын  Қаламқас  Жасқалиева, ордалық  «Нарын әжелері» ансамблінің тыныс-тіршілігі  туралы  Мақпал Батырғалиева  айтып берді.

 Әйелдер қауымының қоғамдағы атқарып жатқан жұмыстарының орасан зор екенін дәріптеп, оң бағасын берген аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және гендерлік саясатты іске асыру бағытындағы жұмыстарға үлесін қосқан бірқатарын марапаттады.

Форум соңында Гүлжан Исағалиқызы жәрмеңкеден түскен қаржылай көмекті жуырда тұрғын үйі өртеніп, зардап шеккен сайқындық Айнұр Сертековаға  табыстады.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале