19.09.2019, 17:54
Оқылды: 45

Бөкей ордасында мемлекеттік қызмет мәселесі қаралды

Бөкей ордасы аудан әкімдігінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаевтың қатысуымен жиын өтті.

IMG_0705

Аудан әкімдігі аппаратының басшысы Ержан Айтқалиев баяндама жасады.

– Бүгінде аудан бойынша мемлекеттік қызметкерлердің штаттық саны 94 адамды құрайды. Сапалық көрсеткіштерге тоқталар болсам, олардың 84% жоғары білімді, 32% немесе 30-ы әйелдер. Қызметкерлердің орта жасы – 38 жас. Мемлекеттік қызмет қатарындағы орташа еңбек өтілі – 10 жыл, атқарып отырған лауазымдағы орташа еңбек өтілі – 5 жыл. Биыл 7 бос лауазымға конкурс өткізілді. Ішкі конкурс арқылы 3 қызметкер тағайындалса, жалпы конкурс бойынша 4 азамат мемлекеттік қызметке қабылданды, - деді Ержан Айтқалиев.

IMG_0710

Мемлекеттік қызметкерлер теріс қылық таныту фактілері орын алған жайдайда арнайы құрылған комиссия қамсыз отырмайды екен. Бұл туралы Ержан Жексенұлы:

– Жыл басынан бері бірыңғай тәртіптік комиссиясының ұсынымы негізінде заң бұзушылықтарға жол беріп, өзінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамаған төрт мемқызметкерге «қызметіне толық сәйкес еместігі» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Он үш мемлекеттік қызметкер түрлі дәрежедегі тәртіптік жазаға тартылды, - деген мәлімет берді.

ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев қайта құрылған агенттік жұмысымен таныстырып, мемлекеттік қызмет ісіндегі келелі мәселелерге, мемлекеттік қызметке қабылдау, лауазымды жоғарлатуда жіберілетін ортақ қателіктерге тоқталды.

– Бөкей орда ауданының мемлекеттік қызметкерлері халыққа қызмет көрсетуде, олардан түскен арыз-шағым, өтініштерді электронды түрде тіркеп, уақтылы жауап беруде облыс бойынша көш бастап тұр. Мемлекеттік қызметке қабылдану, мемлекеттік қызметкердің әдеп-әрекетіне қатысты ешқандай шағым тіркілмеген. Бұл да үлкен көрсеткіш, - деген Ғалым Сұлтанов бөкейлік мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын оң бағалады.

Ғалым Сұлтанұлының сөзіне құлақ түрсек, мемлекеттік қызметкерлерді де «Дипломмен ауылға» бағдарламасына іліктіру, ротация тәртібімен ауысқан тұлғаларға бір жолғы төлем беру, баспана мәселесін шешуді міндеттеу сияқты ұсыныстар агенттік назарына ұсынылыпты.

Ұлпан Әнуарқызы

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале