21.05.2019, 15:23
Оқылды: 47

Бөкей ордасында саябаққа ұстаздың аты берілді

Елге еңбегі сіңген, айтулы азамат, зейнеткер ұстаз «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Шайхолла Елемесов 70 жасқа толды.

 IMG_7896

Шайхолла аға Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округіне қарасты Жиекқұм елді мекенінің өркендеп дамуына, Т.Масин атындағы мектептің аудан көлеміне танылуына зор үлес қосты.

Шайхолла Елемесов қай істі қолға алса да, бабын тауып, шырайын кіргізе білетін мықты ұйымдастырушы. Мектепке басшылық жасаған жылдары кабинеттер талапқа сай жасақталып, спортзал салынып, жылыту жүйесі жолға қойылды. Тіпті бассейн жасалды. Кейін еңбегі ескеріліп, Жиекқұм бөлімшесінің меңгерушісі боп тағайындалды. Телемұнара бой көтеріп, елді мекен тұрғындары арналарды еркін тамашалады. Жиекқұмның шаруашылық саласы, мәдени-әлеуметтік көрсеткіштері көш бастап, ауыспалы кубоктың тұрақты иегері болды. Ағамыздың ұйымдастыруымен  ауылда «Қыз Жібек» сахналанып, аудан асып, Ресейге барып та өнер көрсетіп қайтқан еді.

Ш.Елемесовтің мерейлі жасын елеусіз қалдырмаған ауылдастары салтанатты шара өткізді. Жиында сөз алған Бисен ауылдық округінің әкімі Кенжебек Құрмашев, аудандық мәдениет, тіл дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиев, аудандық мәслихат депутаты Ермек Мендешев, білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Зинұр Мұхтар және ауыл тұрғындары мен жұмыстастары тілектерін айтып, сый-сияпат жасады. Бөлім басшысы Әлібек Айтқалиев дәстүр бойынша мерейтой иесіне шапан жапты. Атаулы күннің қымбат сыйы саябақ атының берілуі десе болады. Бұл саябақтың да негізін қалаған ағамыздың өзі екен.

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале