8-707-808-48-55
Бөкей ордасында Тайыр Жароков оқулары өтті

Нарынның нар ұлы, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ірі дарын иесі Тайыр Жароковтың туғанына биыл – 110 жыл. Осыған орай Бөкей ордасы аудандық мәдениет үйінде «Туған жердің жыршысы» атты аймақтық көркемсөз оқулары өтті.

IMG_4052

Алдымен келушілер мәдениет үйінің фойесінде Тайыр ақынның өмір жолы мен шығармаларынан сыр шерткен фотосуреттер мен жыр жинақтары қойылған көрмені тамашалады. Бұдан соң сахна төріне шақырылған Тайыр Жароковтың туысқаны Ажар Балабасова ақын туралы естеліктерімен бөліссе, Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің қызметкері Айнаш Бисекенова да жыр алыбының ғұмырдерегіне тоқталып, шайырдың параққа түсірген «Қызыл алаңда», «Күн тіл қатты» деген өлеңдерінің қолжазбасы музей қорында сақтаулы екенін жеткізді. Сондай-ақ, шараға қатысқандар музей қорынан алынған Тайыр Жароковтың дауысы жазылған аудиожазбаны тыңдады.

  Шығармашылық бәйгеде 18-30 жас аралығындағы ауданымыздың Мұратсай, Хан ордасы, Бисен, Жиекқұм ауылдарынан және Жәнібек ауданынан келген үміткерлер бағын сынады. Өлең сөзінің құдыреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен ұғынған қатысушылар «Туған жердің жыршысы» аталымының талабы бойынша шайырдың туған жер туралы шығармаларын мәнерлеп оқыды. «Өлеңмен қойдым қолымды» аталымына сәйкес әр қатысушы өзегінен жарып шыққан төл туындыларын  паш етті.

Сайыс нәтижесінде «Туған жердің жыршысы» аталымы бойынша ханордалық Махамбет Мұханбетов жеңімпаз атанса, екінші орынға мұратсайлық Жаңылсын Ғиниятова ие болды. Жәнібектік Күнсұлу Жұмаева үшінші орынды қанағат тұтты. «Өлеңмен қойдым қолымды» аталымында жәнібектік Дәулет Ғайнуллин жүзден жүйрік шықса, бисендік Жайдарбек Бисекеев екінші орынға лайық деп танылды. Жиекқұмнан келген Айдана Жәдігерова  үштікті түйіндеді.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

IMG_4026

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар Басқа да жаңалықтар
Пікір қалдыру