6.11.2018, 15:46
Оқылды: 48

Бөкей ордасында Жәрдемов жүлдесіне арналған турнир аяқталды

Бөкей ордасы Сайқын ауылында ҚР құрметті спорт қайраткері, ауданның құрметті азаматы Жұбаныш Жәрдемовтің жүлдесі үшін қазақ күресінен облыстық турнир өтті. Бозкілемде 2003-2005 жылы туған жасөспірімдер белдесті.

е-0223-1

Турнирдің ашылуында жарыс төрешілері мен жас палуандар сап түзеп, мемлекеттік әнұран шырқалып, кәде сыйлықтар таратылды. Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мен аудандық балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Дмитрий Семилиди қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Дмитрий Феофилович спорт саласына қосқан еңбегі үшін жарыс иесі Ж.Жәрдемовке медаль тақты. Өз кезегінде Жұбаныш Садырұлы жүректерін үміт пен күдік қатар кернеген палуандарға ақ батасы мен тілегін арнап, аудан әкімі Нұрлан Рахымжановқа жастарды спортқа баулып, қолдау көрсеткені үшін еңбек етіп жүрген білім ордасы – М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың педагогика факультетінің деканы Ш.Ғабдрахманованың алғыс хатын табыстады.

Өз салмағының үздігі атануға жергілікті палуандардан бөлек, Орал қаласы мен Ақжайық, Жәнібек, Сырым, Қазталов ауданы командаларының спортшылары да білек түрді. Палуандар боз кілем үстінде намысы мен қайратын қатар сынға салып, дүбірлі доданың көрігін қыздырды. Бірінен-бірі айла-тәсілін асырып, дүйім халық алдында шеберліктерін көрсете білген жас жампоздар көптің ыстық ықыласына бөленді. Мықтылар арасынан қарсыластарын қапы қалдырып, жауырыны жер иіскемеген оралдық Ислам Насиполла (35 келі), Ахмет Шүйншалиев (46 келі), Бекжан Ғалымжан (50 келі), Мерлан Қуантаев (55 келі), қазталовтық Алмас Татимов (38 келі), Айымбек Насибуллин (66 келі) мен Шалқар Құзайров (+66 келі), сырымдық Арсен Мақсотов (42 келі), бөкейордалық Әлем Хабиев (60 келі) І орынды жеңіп алды. Барлық турнир жүлдегерлеріне диплом мен медальдар табыс етілді.

Айта кетелік, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен аталмыш турнирге қазақ күресінен облыстық жастар мен кадеттердің аға жаттықтырушысы, Азия чемпионы Арман Келмұханов қатысса, белдесуге облыстық қазақ күресі федерациясының вице-президенті, жаттықтырушы Артур Шерғалиев пен осы турнирдің бас хатшысы, қазақ күресінен спорт шебері Ержан Шүкіров төрелік етті.

 

Айша ҚҰРМАШ,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале