14.09.2018, 15:59
Оқылды: 43

Бөкей ордасында «Жомарт жүрек – 2018» сыйлығы табысталды

Бөкей ордасы орталығы Сайқын ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Жомарт жүрек – 2018» сыйлығын табыстау рәсімі өтті.

IMG_4291

Туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды  іске асырған, елді мекендерді абаттандыру, демалыс бақтары мен аллеяларды, ескерткіштерді реконструкциялауда, мұқтаж  жандарға қайтарымсыз көмек көрсеткен және волонтерлік қызметке белсене араласқан азаматтар «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Ерен еріктілік» номинациялары бойынша  марапатталды.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейді. Бұған дейін де ауылдағы ағайынға қаржылық демеушілік көрсетіп келген оралдық жерлесіміз  «Хаулет» компаниясы басшылары кеңесінің төрағасы Қуаныш Бірманов бұл жолы балаларға базарлық ретінде спорттық ойын алаңын тарту етті. Тамыз айында ашылған нысан  бүлдіршіндердің сүйікті орнына айналып үлгерді. Ал «Береке» шаруа қожалығының  жетекшісі Еркін Жабасов  Хан ордасы ауылындағы зиратты өз қаржысына қоршатып, тазалық жұмыстарын да ұйымдастырып, көптің алғысын алған болатын. «Ришат» және «Рауан» шаруа қожалықтарының жетекшілері Юрий Кусманов пен Рауан Мұхамбетчиндер де  туған мекендерінде  ауыл ажарын айшықтай түскен  «Саралжын – құт мекенім», «Менің жүрегім – Хан ордасы»  экспозицияларын орнатып берді. Міне, аты аталған азаматтарға аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев «Жыл меценаты» номинациясын табыс етті.

Құмды өлке Хан ордасының  тал-терегін тағы да елу түпке еселеп, абзал іске себепші болған азаматтар, жеке шаруа қожалық жетекшілері Талғат Ғазезов пен Жақсылық Қазиевті «Туған өлке» номинациясымен аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева марапаттады.

Су бұрқақ пен ботаникалық бақ орнатып берген Бисен ауылындағы  Б.Жәнекешев мектебінің 1968 жылғы түлектері, мектеп жанынан воркаут спорттық құрылғыларды сыйға тартқан 1998 жылғы түлектері, Ұлы жеңістің жетпіс жылдығына салынған ескерткішті жаңартып, жөндеп берген 1978 жылғы түлектері де осы аталымды иеленді. Сайқын ауылындағы М.Мәметова мектебін 1978 жылы бітірген ұл-қыздары да білім ұясына он домбыра сыйлап,  ауласына 40 түп ағаш отырғызса, 1988   жылғы бітірушілер мәжіліс залының сахналық жабдықтарын жаңартты. Шәкірттердің спортқа деген ынталарын арттыруды көздеген 1998 жылғы түлектері доп т.б., спорттық құралдарын алып берсе, 2003 жылғы түлектері  көп балалы отбасыға жәрдемдесті. Аталған номинация бойынша марапатталған Ұялы ауылындағы Ш.Жексенбаев мектебінің әр жылғы түлектері де кішігірім саябақ жасақтап, ҰОС майдангерлеріне ескерткіш тақта орнатып,  «Жүрегімдесің Ұялым», Бөрлідегі М.Бегалиева білім ордасынан түлеп ұшқан  шәкірттері  «Бөрлі ауылы»,  «Менің жүрегім – Ақбөрлі» экспозицияларын, Саралжын ауылының Қ.Сағырбаев мектебінен түлеп ұшқандар балабақша кешеніне арналған шағын ойын алаңын жасақтап, елдің алғысына  бөленді.

Жақсылық жасауда жарыса жүретін еріктілер де ұмыт қалмады. Ұялы ауылдық ветеринария бөлімінің мал дәрігері Төремұрат Аманғалиевке «Ерен еріктілік» номинациясын «Нарын жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Жоламанов  табыс етті.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА,

Бөкей ордасы ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале