3.08.2020, 18:22
Оқылды: 65

Бөкей ордасындағы шаруашылық қымыз түрлерін өндірмек

 Бөкей ордасы ауданындағы «М.Боранбаев» шаруа қожалығы қазіргі уақытта 100 бас герефорд тұқымдас ірі қараны және 122 қазақтың ақ бас сиырын бағып отыр. Қожалық жетекшісі Мырзабай Боранбаев кәсіп ауқымын кеңейтпекке ынталы. Ол шаруашылық жайымен таныса келген облыс әкімі Ғали Есқалиевқа қожалықтың жұмыс жоспарымен таныстырды.

D916F00B-A8F6-413A-BE71-56641D08C1CB

«Ақкөлмек» қыстағында 550 жылқы, 40 түйе, 500-ден астам Еділбай қойы өсірілуде. Қожалық жылына 40 тонна мал етін нарыққа шығарады, 1,5 тонна сапалы жүн сатады. 60 тонна ақ бидай, 400 тонна арпа, 120 тонна мақсары, 100 тонна тары, 240 тонна зығыр өндіреді. Биыл да көктемгі далалық егіс жұмысын қолға алып, 1  мың гектар жерге көпжылдық екпе шөп дайындады. Ежелгі ата кәсіпті дөңгелетіп отырған қожалық халықаралық ауылшаруашылық өнімдері байқауынан бас жүлде алған. «500 бас ірі қара борақылайтын алаңды кеңейтіп жатырмыз. «Сыбаға» бағдарламасы ауқымында герефорд тұқымын сатып алуға 62 миллион теңге демеуқаржы берілді. «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы демеуімен жаңа техникалар сатып алдық», – деді Мырзабай Боранбаев.

B9CE9C25-8F07-4182-B0EB-3DA687420A7B

Қожалық Көктерек елді мекенінен Ақкөлмек қыстағына дейін 6 шақырымға газ құбырын тартуды жоспарлап отыр. Жоба құны – 15 миллион теңге. Айта кетерлігі, үш жылдан бері «ҚазИТУ» ғылыми-білім кешенінің ғалымдары ауыл шаруашылығы бойынша табиғи жолмен таза органикалық өнімдер алу бағытында шаруашылықпен бірге ғылыми-тәжірибелік жұмысын жүргізеді. Жоба жетекшісі – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, аға ғылыми қызметкер Алтай Зейнуллин. Шаруашылыққа қарасты бие сүтін өнім дайындайтын цех бар. Қожалық қазіргі уақытта 12 сауын бие ұстап отыр. Биелер төрт мезгіл арнайы құрылғымен сауылады. «Табиғи өнімдерімізді ауыл шаруашылығы көрмелеріне шығарып келеміз. Қымызды шыны және пластик ыдысқа құйып, сатып та көрдік. Бірақ өзіндік табиғатына сәйкес қымыз екі сағат пісіліп тұруы тиіс. Ежелден қалыптасқан дайындау технологиясы бар. Сондықтан жаңа сауылған бие сүтін баптап, кеңінен өндіріске шығарғым келеді. Жыл сайын келетін ғалымдарға арнап, шағын жатақхана салуда жоспарлаудамын», – деді Мырзабай Боранбаев.

CE5AE071-40CC-4F1B-96A7-59A47386C5C7

Облыс әкімі Ғали Есқалиев газ құбырын тартудан мемлекет көмектессе, инвестициялық жоба ұсына алуға ниеті бар-жоғын сұрады. Қожалық басшысы өндірісті ұлғайтып, қымыздың түр-түрін шығаруға қауқары жететінін, органикалық таза өнімдерді мекемелерге тұрақты ұсыну жоспарда бар екенін айтты. Бисен ауылдық округінде облыс басшысы мал азығын дайындау мәселесі жөнінде сөйлесті.

 Нұртай Текебай,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале